Өскеменде Қызыл кітапқа енген ителгілерді ұстаған ер адам бас бостандығынан айырылды

967
көрілім

Бәлкім, бұл әрекетке білместікпен барған болар. Десе де Қызыл кітапқа енген аң-құстардың азаюына «үлес қосып» жүрген тұрғындардың қиқар әрекеттері әлі басылмапты. Өскемен қалалық №2 сотының мәліметінше, ер адам қазан айында қала аумағында екі ителгіні ұстап алып үйінде асырған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Осы іске қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабы 1-бөлігіне (заңсыз ұстау, иемдену, сақтау, өткізу, енгізу, шығару, тасымалдау, сирек кездесетін және құрып кетудің алдында тұрған өсімдік пен жануарлар түрлерін құрту) сәйкес іс қозғалды, – дейді №2 қалалық сотының баспасөз қызметіндегілер. – Анықталған дәйектер зерттелген сот шешімі негізінде айыпкердің кінәсі дәлелденді. Оған жаза тағайындау кезінде сотталушы кінәсін мойындап, болған іске өкінетіндігін жеткізді.

Сот шешіміне сәйкес қылмыскер бір жыл бас бостандығынан айырылды.