Өскеменде жазушы Қуат Қиықбаймен кездесу өтті

1463
көрілім

Бүгін Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханада жазушы Қуат Қиықбаймен кездесу өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жазушы-драматург, Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтың лауреатымен кездесу кітапханадағы балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап апталығы аясында ұйымдастырылып отыр.

Қуат Қиықбай әңгімесін «Алтайдың кербұғысы» атанған жазушы шығармашылығының оқырманға берері жайынан бастады. Одан соң өз жазған туындылары, шетел әдебиетінен жасаған аудармалары, қалам сілтеп жүрген драматургия жанрындағы ой-пайымдарын ортаға салды.

- Қазақ жеріндегі ең алғашқы театрлық қойылым 1917 жылы ұлы Абайдың ауылында қойылған. Драматургия – өте ауыр жанр. Онда талас-тартыс, шиеленіс болуы керек. Драма болып жазылған туындыны әңгімеге немесе повестьке айналдыру қиынның қиыны, - дейді қаламгер.

Өз сөзінде ол әдебиеттің бүгінгі бет-бейнесі, жай-күйі туралы да айтып өтті.

- Қазір екінің бірі – ақын-жазушы. Қазақстанның әр өңірінде жыл сайын «Ғибратты ғұмыр», «Өнегелі өмір» деген атаумен 40-50 кітап шығып жатыр. Екі кітабы жарық көрген адам оқырманмен кездесу өткізіп, шығармашылық кеш жасайды. Соның салдарынан бүгінгі қоғам қаламгермен кездесу десе елең етпейтін болды. Ал бұрын жас Мұхтар Шахановпен, Оралхан Бөкеймен кездесу дегенде халық асыға ағылатын, тағатсыздана күтетін. Сол үшін жазылған шығармалардың көркемдік деңгейін әйгілеп отыратын арнайы орта керек сияқты, - дейді Қуат Қиықбай.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ