Өскемендегі НЗМ оқушылары өткізген Қайырымдылық балында науқас балаға 878 мың теңге жиналды

1608
көрілім

Өскеменде Ертіс өзенінің жағасында Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Қайырымдылық балын өткізді. Әлижан есімді науқас бала үшін бес жүзге жуық мектеп оқушылары вальс билеп, баланың емдомы үшін қомақты ақша жиналды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Қайырымдылық шарасына аталған мектептің 7-11 сынып аралығындағы оқушылары қатысты. Топ-топ болып әлемге белгілі композиторлардың әуенінінің сүйемелдеуімен жас жеткіншектер би билеп, Ертістің жағасына жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласына ие болды. Кішкентай Әлижанның тағдырына бей-жай қарамаған қала тұрғындары жылу жинап, қайырымдылық жәшігіне қомақты сома түсті.

– Бүгін микрофонды алып, толқымай сөз сөйлеу мүмкін емес. Еліміз аман болсын! Екіншіден, ата-аналардың және оқушылардың жұдырықтай жүректері «Әлижан» деп соғып, қайырымдылық шарасына қатысып жатыр. Жүрегіміздегі жылылықты кішкентай өсіп келе жатқан балаларға бере білейік, – деді Өскемендегі НЗМ директоры Гүлфарида Раисова.

Осылай деген мектеп директоры Әлижанның әжесінің қолына 878 мың теңгелік соманың сертификатын ұстатты. Мектеп басшылығы мен жиналған жұртшылыққа алғысын айтқан Әлижанның әжесі көз жасына ерік берді.

– Барлықтарыңызға алғысымды білдіремін.Оқушыларды жастай қайырымдылыққа үйретіп жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығына және ұжымына алғысым шексіз. Отбасыларыңызға амандық тілеймін. Сіздердің арқаларыңызда үміт оты пайда болды, – дейді Әлижанның әжесі.