Өскемендегі Тоғас көшесінің жолын жөндеу қашан аяқталады?

3633
көрілім
Шартты фотосурет

Жеті жылға жуықтапты. Мердігер ұйымдар мән бермей ме, әлде қомақты қаржы белгісіз мақсатқа сусыды ма, әлде осының бәрі шенді-шекпенділердің тасжол бойындағы ойынына айналды ма екен, беймәлім. Көше тұрғындары жөнделіп бітпей жатқан жолдың қазіргі ахуалы жайлы қала әкімінің есеп беру жиыны мен тікелей эфирге қосылуы барысында сан рет айтып шағымданса да, әкімдіктегілер болған жайттан еш қорытынды шығармаған сыңайлы. Аталған жолдың мұндай келеңсіздікке ұшырап, мердігер ұйымның өгізаяң жылдамдығынан аса алмай отыру себебін шаһар басшылығынан анықтап көрген едік.

Сол күйі қала беретіндей

Сөйлем «қайта жаңарту жұмыстары» деп басталды. Жалпы, Шығыс өңіріндегі талай жолдың «тағдыры бір», өзара жөнделіп бітулеріне тілекші болатындай көлденең созылған қашықтық аз емес. Көңілі дархан тұрғындардың кейбірі шалғайдағы елді мекендер, қалалар мен аудандар арасын жалғайтын жолдардың күні бүгінге дейін тозығы жеткен сықпытын «е-е-е, жеріміз кең ғой, анау дамыған Жапония, Франция елдері сияқты жер көлемі шағын болса бізде де оқтай түзу жол болар еді» деп кемшілікті ұтымды мысалмен жапқандай болды. Дегенмен кейбір сәтте көпшілікке беймәлім кедергілер салдарынан солай болғанның өзінде кетеуі кеткен тасжолдар сол күйі қала беретіндей сияқтанады. Жалпылай айтсақ, Тоғас көшесі жолының асфальтталып жатқанына алты-жеті жылға жуықтағанымен, мана айтқан қайта жаңарту жұмыстары 2017 жылы басталған. Осылай деген қала әкімінің орынбасары Денис Федченко барлығы жоспарға сай жүзеге асырылып жатқандығын мәлімдеді. Жоспардан ауытқымай орындалып жатқанның өзінде шаруаның төрт жылға созылуы әлдененің бұрыс бағытқа кеткендігін аңғартады. Себебі сұраухаттағы бірнеше сауалымыз қамтылмай қалған. Анығы сол, жөндеу жұмыстары кешеуілдеуінің бір себебі – түзету әрекеттері.

– Бастапқыда жұмыс қарқыны көңіл қуантып, асфальт қалың етіп төселген-тұғын. Ары кетсе екі жылда тәмамдалар деп ойладық. Бірақ сыныптасым наурыз айында доңғалағын жарып, одан қалса түн мезетінде «тарс» етіп шұңқырға түскен сәттер бір шикіліктің барын аңғартты. Ал қазіргі жолдың сиқы мынау, – дейді Гүлбаршын Қамбарқызы (аты-жөні өзгертілген).

Кемшіліктерді жою жалғасуда

Мұның себебін қала әкімі орынбасарының сөзімен келтірейік. Мәлім болғандай, жобаны іске асыру мерзімінің ұзаққа созылуы – қайта жаңарту барысында екі рет туындаған түзетулерді енгізу қажеттілігі. Тұрғындар осы қажеттіліктің не қажеті бар деп таңданды. Алайда қазір бәрі сәтімен іске асып жатқан сыңайлы. Тек жобаны түзету жұмыстарын әсіреұзақ күту әрекеттері қауырт тірлікті едәуір кешеуілдетуде.

– Мердігер ұйыммен кепілдік міндеттемелер шегінде кемшіліктерді жою жұмыстары жалғасуда. Түзету жұмыстарын 20 шілдеге дейін аяқтау жоспарланған, – деді Денис Федченко.

Бұл жерде айта кетерлігі, сұраухат жауабы журналист қолына шілде айының 21-і күні тиді. Демек ағаттық пошта жұмысынан, болмаса жауап жіберу кезіндегі қала әкімдігінің олқылығы. Ақпараттық дәлдіктен ауытқыды.

Белгілі болғандай, бүгінде 150 метрге жуық автожол мен жаяу жүргінші жолын, канализация жұмыстарын аяқтау, асфальттың жоғары бетін төсеу жұмыстары қалған. Әйтеуір созбалаңға салынған тірлік биылдан қалмай аяқталатыны айтылды.

Ал соңғы дерекке сәйкес, аталған көшедегі қарқынды жұмыстың басталғанына көп болмаған. Бұл туралы қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

– Тоғас көшесінде мердігер ұйым 21 шілдеден бастап өз жұмысын бастады. Қазір асфальттың тегістейтін қабатын аяқтап келеді. Бірнеше күннен кейін қиыршық тасты-мастикалық асфальттың екінші қабаты төселетін болады. Бұдан басқа, жоба нөсерлік кәрізді, тротуарларды, жарықтандыру желілерін және аялдама кешендерін жайластыруды көздейді, – деді Жақсылық Омар.

Әділхан ЕСІМХАНОВ