Өскемендік жігіт Ресейдің «ТНТ» арнасының бағдарламасында көрермендерді таң қалдырыды

373
көрілім

Танымал «Танцы на ТНТ» бағдарламасында бағын сынаған Шыңғысхан есімді өскемендік жігіт қала экологиясы тақырыбын қозғап, қазылардың жоғары бағасын алды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің түлегі бірнеше минуттық өнер көрсетуінде шығысқазақстандықтар үшін маңызды тақырыптардың бірін қозғады. Би өнері арқылы экологиялық мәселені қозғаған ол бірауыздан қазылардың «келесі кезеңге өттің» дегенін естіді.

Оның айтуынша, жобаға қатысу мақсатында жолға шықпақ болған кезде екі қарындасы тыныс жолдары ауруына байланысты ауруханаға түскен. Бұл оның жүрегіне қатты батады. Лас ауаның зиянын өз көзімен көріп, сезгендіктен бидің көмегімен жеткізбек болған.

– Әр күні ауада ауырлық сезіледі. Ауруханаға барсаң денсаулығы дімкәс балаларды көресің. Үлкендер болса тамағы ауырса да мән бермейді, өйткені үйреніп алған. Бұл менің тақырыбыма арқау болды. Осы бір мәселеге қоғам мән берсе деймін, – дейді өскемендік өрен.

Шыңғысхан (сурет әлеуметтік желіден)

Бұл жаңалықты естіген жұрт әлеуметтік желіде жарыса жазуда. Көпшілігі алғыс айтып, ризашылықтарын жасыра алмады.

Айта кетейік, енді Шыңғысхан бағдарламада ары қарай өнер көрсетеді. Өту кезеңінде сәтті шыққан ол алдағы бағдарламаларда көпшілікті талантымен таң қалдырмақ.