Сарыөлең ауылдық округінің 60 жылдығы халықаралық деңгейде атап өтілді

3130
көрілім

Бұлай деуімізге Қырғызстаннан әкеліп, сайыс көркін қыздыру үшін сөреге тізілген сәйгүліктер дәлел, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуларынша, жан-жағы қоршалып, маңайы абаттандырылған атшабар бұдан былай кезекті аламан бәйгелерді қабылдауға қашан да әзір. Сенбінің самалы бірте-бірте ұйтқи соққан желге ұласып, айналаның шаңын көтергені рас. Дегенмен шара қонақтары үшін бұл кедергі бола алмады. Көкпекті ауданына қарасты Үлгілімалшы ауылынан арнайы бәйге тамашалауға келген Айдар Асылханов жолға таңсәріден шыққанын жеткізді. Облыс көлемінде ұйымдастырылатын ұлттық спорттың әрбірін тамашалауға асығатын жерлесіміз таң мен кештің суығын есепке алып, қалың киімдерін қоса алған.


- "Қызыл Ту" өткелімен алғаш өтуім. Көпір салынса бұл жаққа сапарымды жиілететін шығармын. Сарыөлеңдегі бәйгенің тартысты болары сөзсіз, еліміздің түкпір-түкпірінен тұлпарлар келді деп естідім, - деді ол.
Шынымен де, жергілікті жүйріктерді қоспағанда, еліміздің бірқатар өңірлерінен, одан бөлек, қырғыздың атбегілері де сәйгүліктер әкелген.
- Бүгін Сарыөлең топырағында үлкен той. Жаңартылған атшабар бүгінгі шараны белгілі бір дәрежеге жеткізіп отыр. Халықаралық деңгейде өтті десек те болады. Қырғызстаннан әкелген сегіз аттың барлығы жүлдеден үмітті болған. Төртеуі жорға, қалғаны шабысқа жаратылған. Онымен қатар республиканың әр аймағынан келді. Айталық, Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан және тағы басқа өңірлер, - деді белгілі әнші, атбегі әрі шараның басы-қасында жүрген Есен Мәженов.

Әділхан ЕСІМХАНОВ