ШҚО аудандарында неліктен жайылым тапшы?

571
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Бүгін Өскеменде өткен жиында алдымен ресімдеп алып, кейін талай жыл қолданылмаған жер телімдерін анықтау, ауылды жерлердегі жайылым тапшылығы мәселесін шешу жағы сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша филиалы мен облыстық Кәсіпкерлер палатасы бірлесе өткізген жиынға жер қатынастары өкілдері, бірқатар басқарма басшылары, сондай-ақ ауылдағы қожалық иелері қатысты. ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев түрлі мониторинг шаралары жиі өткізілсе де, елдімекендердегі жайылым мәселесі толыққанды шешімін таппай жатқандығын сынға алды.

Талғат Башев

Айтуынша, осы бойынша нақты шешімдер қабылдануы үшін жүргізілуі тиіс мал басы санағы әрқилы жүзеге асады. Одан бөлек, жергілікті билік өкілдерінің Жер кодексіне қатысты өзгерістер мен пайдаланылмай жатқан жерлерді қалай ресімдеуге болатыны жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізбейтіндіктерін айтты.
Алайда облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис бұл жағын өз бақылауына алатынын, алдағы жылдары жайылым мәселесі толық шешімін табатынын сеніммен жеткізді. Оның сөзінше, Абай облыс болғалы Шығыс Қазақстан аумағында 62 мың гектар жайылым жерінің жетіспеушілігі байқалған.

Надежда Михейлис


– Бұл шілде бойынша ұсынылған ақпарат. Облыс басшысының тапсырмасымен қала және аудан әкімдерімен бірлесе жұмыс істеу алгоритмі құрылды. Қараша айының 15-і күнгі мәлімет бойынша 43 мың гектардан астам жайылым жерге қажеттілік байқалса, жыл бітпей тағы тиісті шаралар қолға алынады. Яғни, 2023 жылы елдімекен аумағында шекара бекітіліп, мал жаятын орын анықталады. Жалпы, 36 мың гектар қамтылмақ, – деді басқарма басшысы.
Ресми мәліметке сүйенсек, қала, аудан әкімдіктерінде 40 мың гектардан астам пайдаланылмаған ауылшаруашылық жер телімі анықталды. Ал 50 мың гектар жер телімін шаруалар ерікті түрде қайтарған. Жалпы, ауыл, қала әкімдіктері, Жер ресурстарын пайдалану департаменті және Жер қатынастары басқармасы тізе қосып атқарған шаралар нәтижесінде биыл ауыл шаруашылық бағыттағы 76 мың гектар пайдаланылмаған жер телімі мемлекетке қайтарылыпты. Жауапты тұлғалар жерді қайтарудың бірнеше әдісі бар екенін алға тартты. ШҚО Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Сейсенғазы Чукаев мұрагерлік жолмен жер иелену жағын сөз етсе, Надежда Федоровна бұған қатысты сауалдар сот арқылы қаралатынын айтты.

Сейсенғазы Чукаев


Жиын барысында Алтай ауданына қарасты аймақтық кеңес мүшесі Рафхат Фаизов барлық мәселелерге әсер етіп отырған мекеменің атын атады. Оның сөзінше, аудандағы ірі қара саны жыл санап азайып келеді. Әралуан себебі бар дейді. Айталық, жайылым жерінің жетіспеушіліге мен сүт қабылдау пунктерінің жұмыс істемеуі.
– Осындай ырың-жырыңның етек алуына ауыл шаруашылық саласы бөліміндегілер кінәлі, – деді алтайлық азамат. – Әлдебір өзгеріс, бармақ бастылық байқалса дереу әрекет етпейді. Ал көпшілік айтып жүрген жер иелену конкурсы біз жақта құжат жүзінде ғана өткізілген болып саналады. Ең маңыздысы сол, ауданымызда мал басы санағы ойдағыдай жүргізілмейді. Статистика дұрыс емес. Осы реттелсе, өңіріміздегі әлеуетті қожалық иелері ауыл шаруашылық саласында әр жылы аянбай еңбектенер еді, – деді ол.
ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтің ойы да осымен үндес. Оның айтуынша, Жер қатынастары басқармасы басшысының немесе өзге де жауапты тұлғалардың оқып берген баяндамалары мінсіз, тек жұмыс барысы көрінбей жатыр.
– Мәліметтеріңізде статистика, әлдебір өзгерістер де бар. Мысалы, Тарбағатай, Абай облысына қарасты Көкпекті ауданын алсақ та, мал басы көп бола тұра, жайылым тапшылығы жиі байқалмайды. Ал топырағы құнарлы, мал басы азайып жатыр деп айтқан Алтай өңірінде нақты бір жүйе әлі қалыптаспай келеді. Өзгеріс неліктен байқалмайды, – деді Талғат Мамырбекұлы.

Әлия Мұқашева


Рафхат Фаизов болса аудандық жер қатынастары бөлімі мен Ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандарды жауапқа тартуды жөн санады. Ал Надежда Михейлис мұның алдында жер телімдерін тексеру үшін үш жылға мораторий қабылданғанын жеткізді.
– Соңғы үш жылда бізде пайдаланылмаған жерлерді жинақтау үшін тиісті орталық болмады, тексерістер жүргізілмеді. Тек әкімдіктер ғана өз беттерінше әрекет етіп, тұрғындар ара-тұра пайдаланбаған жер телімдерін өз еріктерімен қайтарып жүрді. Енді тамыз айынан бері мораторийге түзету енгізіліп, бәрі қайтадан қолға алынып келеді. «Сандық мониторинг» басталған. Нақты өзгерістерді келесі жылы күтуге болады, – деді Надежда Федоровна.
«Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық сұрақтар бойынша орынбасары Әлия Мұқашева жылына бірнеше рет көтерілетін мұндай мәселенің тым тереңдегенін жасырмады. Оның айтуынша, өңірдегі жауапты тұлғалар «Жайылым туралы Заңды» жетеріне жеткізіп жүзеге асырып жатқан жоқ. Жиын пікірталасқа ұласқанда Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Сейсенғазы Чукаев жайылым мәселесі мекеме тарапынан дүркін-дүркін көтеріліп, тұрғындардың арыз-өтініштерін тыңдап қайтқандарын айтты. Оның сөзінше, аз уақыт ішінде мемлекет меншігіне қайтарылған 6,8 миллион гектар жерді қазір шаруагерлерге бөліп берудің тетіктері қаралып жатыр. Бұл 6,8 миллион алқап қайдан шықты десеңіздер Сейсенғазы Жұмағалиұлы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Мемлекет басшысына берген есебін мысал еткен.


– Осы күнге дейін ведомствоаралық комиссияның қатысуымен үш жиналыс өткіздік. Жер қатынастары саласының мамандары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері де осы мәселені үнемі назарда ұстап келеді. Жоғарыда айтылған 76 мың гектар жер телімінің қайтарылуы жүйелі жұмыстың бір көрінісі. «Жайылым туралы Заңның» қабылданғанына бірнеше жыл болды. 2017 жыл десек, жергілікті атқарушы орган содан бері жұмысын үзбеген, – деді Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы.
Белгілі болғандай, облыс көлемінде Самар, Күршім және Ұлан аудандарында жайылым тапшылығы байқалады. Надежда Михейлис осы үш аудандағы мәселе келесі жылдан қалмай шешімін табады деді. Сейсенғазы Чукаев жайылым жерлерінің көптеп қолданылмай қалуын адамдардың пайдалану құқығын сатып алуынан десе, Әлия Мұқашева жер телімдері пысықайлардың кесірінен банкте кепілдікте жатқанын айтты.
Мәлім болғандай, Талғат Башев Алтай ауданында жайылым бойынша қордаланған мәселелердің шешімі тезірек табылуы үшін жауапты тұлғалардың сол өңірге арнайы баратындықтарын жеткізді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ