ШҚО имамдары Құрбан айтқа әзірліктерін пысықтады

312
көрілім

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде қала, аудан имамдары бас қосып, Құрбан айтқа әзірлік пен істелген жұмыстарын қорытындылады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


– Келе жатқан Құрбан айт мейрамын жоғарғы деңгейде өткізу мәселесі тұр. Бүгінде жалпы халықтық мейрамға айналды. Оны қайырымдылық, мейірімділік мерекесі екендігін көрсетіп, мұқтаждарға, көпбалалы отбасыларға жан-жақты қайырымдылық көмегін көрсетуіміз керек. Оның маңыздылығы кең көлемде насихатталуы қажет, – деді ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы.


Сонымен бірге «Халифа Алтай» мешітінде ашылып жатқан «Ислам мәдениеті және ұлттық дәстүр» мұражайына жәдігерлер жинау барысы, «Қазақ даласындағы Ислам айшығы» атты оқушылардың арасында жарияланған көркемсурет байқауы бойынша атқарылған істер сараланды.


Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясына кең ауқымда қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға барынша көмектесу имамдарға да міндет етілді.
Жиын соңында қала, аудан имамдары өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. Мешіт жанынан шаруашылық жұмысын дамыту туралы ұсыныстар да айтылды.