ШҚО-да білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жинау мәселелері талқыланды

158
көрілім
Шартты фотосурет

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті облыстық Білім басқармасымен және «Шығыс-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірге «Білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жинаудың алдын алу» тақырыбында бірлескен онлайн-кеңес өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кеңеске «Скайп» платформасы арқылы Өскемен қаласының барлық мектеп және балабақша директорлары қатысты, ал ата-аналар Департаменттің Instagram және Фейсбук парақшаларындағы тікелей эфир көрсетілімін қарап, білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес және мектеп бітіру кештерін өткізу мәселелерін талқылауға белсенді қатысты.

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин хабарлағандай, соңғы уақытта оқушылардың ата-аналары Департаментке әлеуметтік желілер арқылы мектеп директорлары, оқытушылар тарапынан білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жиналып жатқандығы туралы шағымдануда.

– Білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – мектептер мен балабақшалардағы заңсыз ақша жинау мәселесі. Әр түрлі пабликтерді, әлеуметтік желілердегі қауымдастықтарды мониторингілеу барысында біз күн сайын осындай мәліметтерді анықтаймыз, кейбір осы жиынға қатысып отырған басшыларға қатысты біз осы фактілер бойынша тексеру жұмыстарын жүргізгенбіз. Бірақ, өкінішке қарай, бізге әлі де мектептер мен балабақшаларда ақша жиналатындығы туралы шағымдар келіп түсуде. Жөндеу жұмыстарының кез келген түріне, абаттандыруға, оқу материалдарына, материалдық-техникалық қамтамасыз етуге: перделерге, жалюздерге, қағаздарға, кеңсе заттарына және басқа да заттарға ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ оқу жылының аяқталуының жақындауына байланысты мектеп бітірушілерден естелік сыйлықтар алуға қатысты өтініштер бар екенін атап өткім келеді, бұған ерекше назар аударуларыңызды сұраймын. Мектептерді ағымдағы және күрделі жөндеу мемлекеттік қаражат есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ бюджет есебінен мұғалімдердің жалақысы және түрлі әлеуметтік төлемдер жүргізіледі, мектептердің жұмыс істеуі үшін әртүрлі материалдарды сатып алынады. ҚР «Білім туралы» Заңында оқушылар мен педагог қызметкерлерден ақша жинауға тыйым салады (Заңның 63-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы). Негізінен қаражат жинау "Ата-аналар комитеттерінің" атынан деген сылтаумен жүргізілетіндігін атап өткен жөн. Біз олардың қызметі ешқандай құжатпен регламенттелмегенін және тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көріністеріне негіз болатындығын түсінуіміз керек. Егер ата-аналар мектепке немесе бала-бақшаға материалдық көмек көрсетуге тілек білдірсе, онда олар демеушілік жарналарды арнайы ашық шотқа аудара алады. Бұл ретте мұндай жарналар ерікті болып табылатындығын, яғни ата-аналарды мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ екендігін баса айтқымыз келеді. Мектептерде заңсыз ақша жинағаны үшін мектеп директорлары мен мұғалімдері әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, - деді Жігер Байділдин.

Өскемен қаласының білім беру бөлімінің басшысы Ақерке Абылайхан соңғы қоңырау мен аттестаттарды тапсыру а.ж. 03-04 маусымында санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өтетінін және түлектерді бұл шараға арнап кешкі көйлектер, арнайы киімдер сатып алмауға, мектеп формасын киюге шақырды және бұл мәселе карантин режимінде аса өзекті екенін атап өтті. Онлайн-кеңес соңында спикерлер білім беру мекемелері өкілдерінің және ата-аналардың сұрақтарына жауап берді.