ШҚО-да бизнестегі жемқорлыққа тосқауыл қою үшін арнайы жоба іске асуда

288
көрілім

Бүгінде өңірімізде «Шығыс – Адалдық алаңы» фронт кеңсесі жұмыс істеп тұр. Қандай да бір жемқорлық фактісіне тап болған кәсіпкерлер осында келіп шағымдана алады.

Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингін өткізген ШҚО бойынша жемқорлықпен күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Жігер Байдильдин «Protecting Business and Investments» жобасы туралы айтып берді.

– Бұл Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірлескен жобасы, – дейді ол. – Аталмыш жобаның мүшелері жемқорлықпен күресу үшін кәсіпкерлердің бизнес жобаларын қорғауға, тиісті құжаттарын жинауға көмек көрсетеді. Мұндағы басты мақсат – жайлы инвестициялық орта құрып, бизнесмендер мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімділікті нығайту. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, осы салада туындаған барлық мәселені жедел шешу.

Егер бизнес өкілдерінің жемқорлыққа қатысты қандай да бір мәселелері болса «Шығыс – Адалдық алаңына» Өскемен қаласы, М.Горкий көшесі, 40 мекенжайы (113 кабинет) бойынша бара алады. Сонымен қатар мекемеңізге келіп заңсыз тексеріс жүргізгендер болса да осында шағымдануға құқылысыз.

– Бізге көбінесе Өскемен, Семей қалаларының кәсіпкерлері хабарласып жатады. Әрбір арыз бойынша жіті тексеру жүргіземіз. Егер заңбұзышылықтар анықталып жатса, кінәлілер жазаға тартылады, – дейді Жігер Байдильдин.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ