ШҚО-да иіс газынан биыл екі адам көз жұмған

362
көрілім

Үстіміздегі жылы түрлі себептер бойынша аймақта иіс газынан улану жағдайлары жиілеп, өрт қауіпсіздігін сақтамағандар саны артқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Алексей Штыкельдің қатысуымен өткен жиында аймақ бойынша жылыту мауысымына қатысты атқарылған жұмыстар қорытындыланып, бірқатар статистикалық көрсеткішке мән берілді. Белгілі болғандай, өңірде өзекті саналатын өрт қауіпсіздігі шаралары өткен жылға қарағанда салыстырмалы түрде тәуір. Алайда тілсіз жауға қатысты келеңсіз жәйттер де жоқ емес.

– Жүргізілген түсіндірме жұмыстарына қарамастан тұрғын үйлер мен саяжайларда үйді жылыту кезінде тұрғындар өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауды назардан шығарып алады, – дейді жауапты тұлға. – Биыл өрт салдарынан жеті адам мерт болды. Себебін анықтап, жағдайды бақылауға алудамыз. Бір айта кетерлігі, қайғылы жағдайлар түн ортасында, яғни жұрт шырт ұйқыда жатқанда болып отыр.

Бұл ғана емес. Алексей Штыкелдьдің сөзінше, биыл екі адам иіс газына уланып қайтыс болды, тағы 11 адам зардап шеккен. Айта кетейік, иіс газынан көз жұмған екі факті де Семей қаласында тіркелген. Мұның бір себебі, адамдар бейқамдық танытып, от жанып тұрған пешті қараусыз қалдырған.

Әділхан ЕСІМХАНОВ