ШҚО-да құрылыс саласына көңіл бөлінбек

340
көрілім

Аймақта құрылыс компаниялары бірігіп жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Қазақстан құрылыс одағының төрағасы Талғат Ерғалиев облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен жиында кеңінен айтып кетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

- Еліміздегі құрылыс жұмыстарында орын алып жатқан олқылықтар көпшілікке белгілі, - дейді аталмыш одақ төрағасы. - Елбасы бір сөзінде "екі миллион қазақстандық қолжетімді баспанаға мұқтаж" деген еді. Осы мәселенің шешімін табу үшін құрылыс саласын дамытуға білек сыбана кірісіп, қажетті мөлшерде көңіл аударғанымыз абзал. Ол үшін ең алдымен өзін-өзі басқару қоғамын құрсақ құба-құп.

Одан бөлек, бұл қоғам шетелдерде жүйелі түрде жұмыс атқарып жатқандықтан әлемдік тәжірибе саналатын көрінеді. Ол үшін құрылыс ұйымдарының басшыларымен тізе қосып, диалогтық алаңдар құра отырып шешім шығару тиімді механизм саналмақ. Жауапты тұлғалардың айтуынша, түрлі тұрғын-үй бағдарламаларын оңтайлы жүзеге асыру үшін құрылысшыларға ортақ одақ құрылса, әкімдіктерге тәуелді болмай өз беттерімен біраз жұмыстың шетін шығаруға түрткі болады.

Жиынға қатысушылар құрылысқа қатысты негізгі бес сұрақ төңірегінде пікір алмасты. Құрылыс ұйымдарының басшылары игі бастама аясындағы өзекті мәселелерді алға тартты. Басым көпшілігі мемлекеттік сатып алу мен жеке кәсіпкерлікті дамыту барысында бірқатар кедергілерге ұшырайтындықтарын жеткізді. Өз кезегінде Талғат Ерғалиев аталған мәселе ел көлемінде талқыға салынып жатқанын жеткізіп, сәулет ісіне қатысты кем-кетіктердің орнын толтыру үшін арнайы пилоттық жобаларды қолға алу керектігі жайлы ұсыныс білдірді.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ