ШҚО-да теріс діни ағымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылған студенттер көп

319
көрілім

Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасы өңіріміздегі бірқатар жоғарғы оқу орындарының студенттері деструктивті діни ағымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларына тіркелгендігін анықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бұл жайлы бүгінгі «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Саяси кеңесі бюросы отырысында айтылды.

- Біз "Вконтакте" әлеуметтік желісіне мониторинг жүргіздік. Соның нәтижесінде теріс діни ағымдардың парақшаларын оқитын жастардың бар екендігі белгілі болды. Нақты айтқанда, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде - 644 студент (9,9 пайыз), Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да - 461 (9,2 пайыз), С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да - 428 (7,6 пайыз). Барлық мәліметтер құқық қорғау органдарына тапсырылды, - дейді ШҚО Дін істері басқармасының басшысы Ануар Абдуллин.

Оның айтуынша, тізімге желідегі өзі жайлы мәліметке оқу орнын жазғандар ғана еніп отыр. Соған қарағанда осындай үрейлі көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін.

- ЖОО басшылары бұл тұрғыда әрекетсіздік танытпау керек. Жастарды жат діндерден сақтау үшін жұмыла жұмыс істеу қажет, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
 

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ