ШҚО-да зейнеткерлерді алдап, ақша тапқан алаяқ ұсталды

435
көрілім

Оңай жолмен пайда табуды көздеген әйел өңіріміздің егде жастағы тұрғындарын тұзаққа түсіріп отырған. «Тіл-көзден қорғаймын», «Үйдің ішкі аурасын тазалаймын» деген сияқты бояма сөздерді айтқан азаматша Өскемен қаласы мен Ұлан, Глубокое аудандарының зейнеткерлерін шығынға батырды. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері 22 жастағы әйел адамды құрықтаған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Сәуір айының басында полиция бөліміне хабарласқан Глубокое ауданының 84 жастағы тұрғыны бейтаныс әйел адамның оны алдап-сулап үйге кіріп, ақшасын ұрлап кеткенін айтады. Іздеу жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні қолға түсірген. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, өскемендік әйел осыған дейін де бірнеше зейнеткерді сазға отырғызып кетіпті. Алаяқтың айласына Өскемен қаласы мен Ұлан, Глубокое аудандарының қарттары алданған екен.

– 22 жастағы әйел зейнеткерлерге шәлі сататындығын айтып, үйлеріне кірген, – дейді облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Әйгерім Нұрғазина, – Жәбірленушілерді әңгімеге тартқан азаматша тіл-көзден қорғап, үйдің ішкі аурасын тазалап бере алатындығын жеткізеді. Ол үшін барлық ақшаны шәліге салу керектігін айтқан әйел бірнеше рәсімнен кейін «енді кешке дейін шәліге тиіспеңіз» деп үйден кетіп қалады. Біраз уақыттан кейін зейнеткер шәлідегі ақшаларының жоғалғандығын аңғарған.

Алаяқ әйелдің арбауына іліккен 3 зейнеткердің әрқайсысы 190 мың теңгеге жуық ақшаларынан айырылыпты. Жарты миллион теңгедей пайда көрген өскемендік ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері «алаяқтық» бабымен тергеу амалдарын жүргізуде.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ