ШҚО-да жұмыртқа бағасы екі есе қымбаттаған

314
көрілім
Шартты фотосурет

Шығыс өңірі ғана емес, өзге аймақтар да ауылшаруашылық тауарларының ай сайын қымбаттап, қалтаға салмақ түсіре бастағандықтарын өзекті мәселе санатына қоса бастады. Мұның бір себебі, осыған жауапты тұлғалардың басылым беттері мен өзге де ақпарат тарату құралдары арқылы қандай да түсінік бермеуінен болса керек. Күнбағыс майынан бөлек, жұмыртқаның да бастапқы бағасынан әлдеқайда шарықтап, соған жауапты тұлғаларға деген сауал да көбейе түскен. Осы орайда, ШҚО Ауыл шаруашылық басқармасының басшылығы ұсынған мәліметпен бөлісуді жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірде жұмыртқа өндірмейді

ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі таратқан мәліметке сәйкес жұмыртқа бағасы жаз мезгілінде төмендейді. Мұның барлығы үй шаруашылықтары ұсынысының өсіміне байланысты. Оған қоса, министрліктегілер саудаланып жатқан жұмыртқа санының еш азаймағанын жеткізді. Ал Шығыс Қазақстанда қалай?

– Біздің өңірде жұмыртқа өндіретін бірде-бір фабрика жоқ. Кей тұрғындар «Қасым Қайсенов кентінің іргесінде құс фабрикасы бар емес пе?» деп жатады. Олар жұмыртқа емес, құс етін өндіреді. Ал өңірде осындай нысанның болмауы айтарлықтай кемшілік. Бұған дейін жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы Семейде болған-тұғын, – дейді Владимир Гайламазян. – Кейін оны жауып тынды. Қажеттілігі жоқ болған көрінеді, ал жұмыртқа керек болса Павлодар, Қарағанды сынды өңірлерден жеткізілетіндігін алға тартқан.

Әңгіменің әлқиссасы осындай. Барлығы тиімсіздік тұрғысынан өлшенген сыңайлы. Құстың азығын сатып алуда да едәуір шығын кетеді деп берекелі жұмыстың бөгеуі бітелген. Арада аз уақыт өткен соң улап-шулап нүктесі қойылған тірлік қайта жандана бастайды. Қазіргі уақытта Семейге жаңадан инвесторлар келіп, тұралаған тірлікті жандандыруға күш салып жатқан көрінеді. Қомақты қаржы бөлініпті. Шіби тауықтар жеткізіліп, алауы сөнген шаруаға шын ниетпен кірісетіндер қарасы көріне бастады.

Владимир Гайламазян

Өз дегендерін өзгертпеді

Басқарма басшысының сөзінше, іс сәтімен бітсе, аталған шібилер төрт-бес айдан соң жұмыртқалай бастайды. Осыған орай мамыр айына қарай құс фабрикасының алғашқы өнімдері сауда сөресіне шығарыла бастауы кәдік. Енді сұраққа жауап іздеп көрейік. Басқарма басшысының ойы қандай?

– Ауыл шаруашылығы министрлігінің өткен жылдың соңында берген мәліметінде мемлекеттің жұмыртқа өндірісін қолдамайтындығы жазылған. Яғни субсидия бөлінбейді. Себебі статистикалық мәліметтерге сәйкес сол кезде ел көлемінде жұмыртқа өндірісі тұтынудан бір жарым есеге асып тұрды. Тауардың көптігінен Ресейге де сатылып жатады. Осы кезде жауапты тұлғаларға «өз елімізде субсидия бөле отырып, көршілес елге арзан бағаға саудалауда қандай пайда бар?» деген сауал сап ете қалса керек, – деді басшы.

Құс тұмауы қарқын алған

Сөйтіп, табыс табудың қамымен жүрген жеке кәсіпкерлер мен ферма басшылығы өткен жылдың қаңтар айында субсидиялаудан қағылды. Соған орай олар да көкейдесігін қызына жеткізіп, сауалдарын қарша боратқан. «Осының салдарынан жұмыртқа бағасы өседі, бұл әрекеттеріңіз дұрыс емес» деген сипатта жан-жақтан жарыса дабыл қағады. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер міз бақпастастан, өз дегендерін өзгертусіз қалдырды. Міне, осы кезде өткен жылдың қыркүйек айында республика аумағында құс тұмауының ұшқыны тұтанды. Бәз-біреулер әлемнің бірқатар елдерінде уақ-уақ асқына түсетін аурудың Қазақстанда өздігінен өршитіндігін алға тартқан.

– Менің ойымша, мүлде олай емес. Сол құс фабрикаларының қожайындары «елімізде жұмыртқа тапшылығы байқалса қалай болады?» деген байламға келген сыңайлы, себебі аз уақыттан баға шарықтай түсті, – дейді маман.

Монополиялық келісім күшіне енді ме?

Иә, бұдан соң тіпті екі есе қымбаттады деуге болады. Бұрындары 10 данасы 220-240 теңге болса, қазір 500 теңгеден асып жығылады. Ал қала тұрғындарының кейбірі мұны монополиялық келісімге балады. Дегенмен бұл тұрғыда соңғы сөзді тиісті органдар айтып, анық-қанығына бойлай жатар. Ал құзыреті облыс көлемін қамтитын маманның өз өкілеттілігінен аспай, шындық айтуда өзін шектей түсуі іске тиісті мамандардың араласуына үндеу тастағандай.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жұмыртқаның қымбаттауы бірқатар аймақта құс тұмауының пайда болуынан соң тіркеле бастаған. Құстар мыңдап қырылып, ол аздай, кәсіпкерлер мен фабрика қожайындарын субсидияландыру тоқтатылды. Осыған сәйкес жұмыртқа өндірісі де өз деңгейінен анағұрлым төмендеген. Дей тұрғанмен Семейдегі қауырт тірлік сәтімен аяқталса тұралаған өндірістің алауы қайта маздайтындығына сенім мол.

Әділхан ЕСІМХАНОВ