ШҚО-дағы қол күрестің негізін қалаған күршімдік – Сатыбалды Қыдырханов

1258
көрілім

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар аз емес аймағымызда. Әлемдік аламандарда атой салған азу тісі балғадай апайтөс жандармен қатар, Олимп шыңын бағындырып, жанкүйер сенімін ақтаған шын шеберлер жетерлік. Дегенмен маңызы жағынан ешбір спортқа есе жібермейтін, Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбесе де еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ден қойып айналысатын спорттың бір түрі – қол күресі. Ал осы спортты облыста алғаш қолға алып, негізін қалаған Сатыбалды Қыдырханов жайлы біреу білсе, біреу білмес. Күршім ауданы Көкжар ауылының тумасын ауыр атлетикадан спорт шебері атағын да орындаған шоқтығы биік жандардың бірі десек жалған айтпағанымыз.

Шынығамын деп көлге шомылған

– Бала күнімде жиі сырқаттанып, әлжуаз болып өстім, – деп Сатыбалды аға сөзін бастады. – Сөйткенде сыныптастарымның «Құрыш қалай шынығады?» деген кітапты қолдарына алып жүргендерін көрдім. «Бұл не туралы екен?» деп құрдастарымнан сұрап алып, оқып шықтым. Сосын мекенжайды тауып тапсырыс беріп едім, «Білім және еңбек» деген журнал қолыма тиді. Екі-үш айда бір рет «Сұлу мүсін қайдан шығады?» деген мақала шығып тұрды. Әралуан жаттығулар туралы жазылып жүргеннен кейін менің де аңсарым ауа бастады. Икемімнің жоқтығынан аудандық спартакиадалардан шет қалатынмын.

Осылай деген Сатыбалды Қыдырханұлы Көлбай есімді досынан жаттығуды дұрыс жасау жолдары туралы оқулық алып, қызу әзірлікке кірісіп кеткен. Бастапқы жаттығуы трактордың қос дөңгелегіне сүймен қойып, соны кеудеден асыра көтерген. Бұл аздық етті. Тек темір-терсек көтеруден бөлек, жүгірудің пайдасы орасан екенін ұқты. Одан қалса салқын суға шомылып, тұла бойыңды шынықтыру да күн тәртібіне енуі тиіс-тін. Қызығы сол, күн суып, жеранадан жылу кетті дегеннің өзінде Сатыбалды аға Зайсан көлінен қуат алуды құп көрген. Өзінің айтуынша, қазан айы болса да күздің қара суығынан еш қаймықпаған. Дегенмен мұндай әрекетке айналадағы адамдар мен ақсақалдар күдікпен қарап, мұздай суға жиі шомылатынын жөн көрмепті. «Ол да дұрыс, бір жағы суық тиіп сырқаттанып қалады деп қам жейді ғой» дейді кейіпкеріміз. Дегенмен өзін-өзі шынықтыруды әсте тоқтатпады. Үйде жүріп-ақ суық суды үстіне қотара төгіп, керек жаттығуларын күн тәртібіне енгізді. Ал спортты серік етуді әскерде жүріп әдетке айналдырған.

– Бағыма орай, онда бөлім командирі, айналамдағы жандар тегіс қолдау танытып, спортқа деген ынтызарлығымды одан әрмен оятты. Екі жыл уақыт зымырап өте шықты. Үйге Серебрянск қаласынан әкемнің достары келгенде оларға «Сіздер жақта ауыр атлетикаға арналған үйірме бар ма?» деп едім, олар «Иә, зал да, бапкер де бар» деді. Ести сала ата-анамның рұқсатын алып сол жаққа ат басын бұрдым. Үлкен спортқа алғаш осылай келдім, – дейді Сатыбалды аға әңгімесін жалғай түсіп.

Ауыр атлетикаға алғашқы қадам

Балаң жігіт жиырма жасында зауытқа электрик маманы болып жұмысқа тұрды. Сол кездегі пединститутқа (қазіргі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ) дене шынықтыру мамандығы бойынша түсіп, зілтемір көтеруді қарқынды жалғастырды. Үйірмедегі бапкер мамандарға сымдай тартылған тарамыс тұла бойы ұнаған екен «Міне, нағыз спортшы осындай болуы керек!» деп бірден қабылданды. «Бағыма орай, оған дейінгі төккен терім зая кетпей, бұлшық еттерім де білеуленіп тұрған» дейді кейіпкеріміз өткенге көз жүгіртіп. Спортпен кәсіби тұрғыда шұғылдануды мақсат етті. Залда жаттығып жүрген Сатыбалды Қыдырханов алғашында ауыр атлетиканы толыққанды меңгермеген. Мәселен дайындық кезінде 70 келіні еңсеруде қателесіп, жиі шалыс басқан. Осы ретте тасада үнсіз отырған әлдебір азамат аз-кем кеңес беріп еді, Сатыбалды ағаның бабы келісіп, қайтіп қателікке жол бермеді. Артынан бұл кісінің елімізге еңбек сіңірген бапкер Анатолий Полшин екені белгілі болған. Қағілез спортшы да білікті бапкердің бар айтқанын қалт жібермей, көкейіне тоқи білді. Айтуынша, өз ісін жетік білетін Алексей Труновтай ұстаздармен етене араласқанға өзге тілге шорқақтығы аз-маз кедергі болған-ды. Дегенмен «Батырға оң-солы бір» дегендей болмысы бөлек жан айтқанды алыстан іліп, шеберлігін шыңдай түскен. Өскеменде 1975 жылы ел чемпионаты өтіп, сонда қола медальға қол созған. Сол додада 67 келі салмақта жұлқа көтеруде – 112 келі, серпе көтеруде – 145 келіні еңсеріп спорт шебері атанды! Ісі ілгері басқанымен, соған сай тап-тұйнақтай киініп, жинақы жүру үшін қаражаттың керек екені белгілі. Бұл ретте Сатыбалды аға вагоннан жүк түсіріп, өрт сөндіру күзетінде қосымша табыс тауып жүрген. Араға уақыт салып жоғарыда аталған пединституттың (ШҚМУ) екінші ғимаратында алғаш рет ауыр атлетика үйірмесін ашты. Жан-жақтан талантты жастарды үлкен спортқа тартуда қиындықтардың болғаны рас. Қарға бойлы қайсар спортшыға қарап кей ата-ана «Балам өспей қалмасын...» деген күмәнға ерік бергендері жасырын емес-тін. Дегенмен ауыр атлетикадан спорт шебері көлденең кезіккен мәселелерге мойнсұнбай, талабы таудай шәкірт тәрбиелеуге шындап кірісті. Алысқа көз тастаған табанды жігітті «Казцинк» ЖШС-ға бапкерлікке шақырып, көктен сұрағаны жерден табылды. Айтуынша, мұндай мүмкіндікті мүлт жіберу әсте әбестік еді. Себебі бапкер болу – талайдан көксеген арманы болатын.

Телеарна арқылы спортты танымал етті

Қызығы сол, Сатыбалды Қыдырханұлы спорт комментаторлығынан да бейхабар емес. Жалпақ жұртқа қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрлерін паш етуде бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне жүгінудің оңтайлы екенін кейіпкеріміз сол кезде байқады. Өңірде ауыр атлетика спортының сәт сайын қарқын ала бастауы тілші қауымының назарын аудартпай қоймады. Зілтемірге ден қоюшылар мен ауыр атлетика жанашырлары да үйірмеге ағылды. Күндердің бір күні телевизия саласында мол тәжірибеге ие тілшілер ауыр атлетика бапкеріне спорт тақырыбындағы хабарларды жүргізуге қолқа салған. О баста абдырап қалған Сатыбалды аға мұндай ұсыныстың арты үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігін ұғынып, бастапқыда жүрексінген. Десе де бас тартпады. Қазақтың бар тілімен спорттағы жарқын жеңістерді жұртшылыққа хабарлай бастаған ауыр атлет ара-тұра зілтемір бәсекесіне емін-еркін тілшілерді де шақырып тұрды. Бір емес, бірнеше жыл жүрді бұл салада. «Саралай келе ұсыныстан бас тартпағаным мен қабылдаған абзал шешімдердің бірі еді» дейді күршімдік ардагер спортшы.

Қол күресі осылай пайда болды

«Казцинк» комбинатына қарапайым жұмысшылар келіп дайындықтарын пысықтағанда жаттығу залының іші азан-қазан болатын-ды. Бір айта кетерлігі, зілтемір спортының бұлай қарыштай түсуіне қоғам қайраткері Ахат Күленовтың қолдауы айрықша болған-ды. Танымал металлург пен Сатыбалды ағаның байланысы беки түсіп, бірқатар мәселелерге бірлесе отырып бас қатыратын. Талантты ауыр атлет оқу-жаттығу жиындарында азуы алты қарыс зілтеміршілерді жолықтырып, олардың жаттығу тәсілдерін қарап таңдай қағатынын жасырмады. Мәселен жеті дүркін әлем чемпионы Юрий Варданян, Давид Ригерт сынды сақа спортшылардың деңгейін көріп, өзі де орасан тәжірибе жинады. Осындай жаймашуақ күндердің бірінде облыстық спорт басқармасы басшысынан қол күресінен ел чемпионатына команда алып бару жайында ұсыныс түседі. Өзіне таңсық спорт түрін естіп: «Ол немене?» деген сауалды қойып қалды. Ұдайы зілтемір көтеріп жүргендіктен білек күшіне сенгені рас. «Кәне, көрейінші» деп білек күшін сынағанда біршамасын сан соқтырды.

Күндердің күнінде Ахат Сәлемхатұлына «Мәскеуде өтетін Еуропа чемпионаты мен халықаралық сайысқа баруға қолдау білдірсеңіз...» деп қолқа салған еді, тиісті қаражатын бөліп берді. Мұнымен қатар Бағдат Шаяхметов те үздіксіз демеушілік білдіріп келді. Шын шеберлердің тәжірибесіне қаныққан қайсар жігіт жаттықтырудың әдіс-тәсілін тез меңгерді. Қол күресіне көзі қанық жан білгенін шәкірттеріне боямасыз жеткізді. Армрестлингті дамытудың алғышарты оны мектеп бағдарламасына енгізуден басталды. Бұдан соң бапкер сенімін арқалап талай сақа спортшылар шықты. Тіпті 1995 жылы мүмкін емеске баланған елішілік спартакиадада Жамбыл облысы сынды көш ілгері құрамалардың өзін қапы қалдырды. Қол күресінің негізін қалаған азаматтың айтуынша, біршама командалар тек алтын медаль иеленіп, нәтиже көрсеткілері келеді. Ал Сатыбалды ағаның өзіндік тәсілі иеленген жүлделі орындардың ұпайын есептей келіп көш басына шығу еді. Еңбекқор жаттықтырушының ойы іске асып, шығысқазақстандықтар дүбірлі додада есепте топ жарды.

Ерік-жігері ерек жан

Сатыбалды Қыдырханұлы Рустам Маликов сынды қол күресінен еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері атағын алғаш орындаған спортшыны тәрбиелей білді. Сенесіздер ме, бір жылда жеті халықаралық додада алдына қара салмаған! Десе де жаттықтырушылығымен қатар, салауатты өмір салтын берік ұстанған қимыл икемділігі де бір төбе. Айтуынша, спортшылардың бір «алтын дәуірі» болады екен. Ол кісінің көпшілік біле бермейтін бір қыры – 30 жылға жуық уақыт йога өнерімен айналысып келе жатқандығы. Бұған себеп – дем алудағы қиындық. Содан түрлі жаттығулар жасап, ара-тұра ашығып тұрды. Кейін осы әрекеті қамсыз ұйықтауға орасан септігін берді. Қазірдің өзінде қарт спортшы таңсәріден дене икемділігіне баулитын жаттығуларын жасап, ағзаға ауыр тиетін тағамдарды татып алмайды. Жасы 70-ті алқымдаған бітімі бөлек жан отбасында қадірлі әке, өскелең ұрпағына берері мол ел ағасы. Қоштасарда ардагер ағамыздың сыры кетсе де сыны кетпеген болмысына қарап спортты әлі де жанына серік еткендігіне сеніміміз берік сезімде қалдық.

Әділхан ЕСІМХАНОВ