ШҚО-дағы «Жыл әйелі» – Берел қорғанынан табылған амазонка

435
көрілім

Биылғы жылдың айтулы жаңалықтарының бірі ежелде өмір сүрген амазонканың табылуы болды, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 2017 жылдың 29-шы қарашасында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында, – Биылғы жылы Берел қорғанында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде ерекше ашу болды. Біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда өмір сүрген жас жауынгер әйелдің жерленген жері табылды. Бұл дала өркениетінің жоғары деңгейі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Облыс басшысы Берел қорғандарының бірегейлігіне ерекше назар аударып, археологиялық объектінің жалпыға ортақ болуы үшін тиісті шараларды жасайтынын айтты.

Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың жазында Катонқарағай ауданындағы қорғандарды қазу барысында табылған тарихи жәдігер, әйел адамның Сақ қоғамында жоғары орын алғандығына бірден бір дәлел болды. Тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен қазылған қорғаннан жерленген Сақ қызының сүйектері табылған. Оның жанында екі жылқы бірге жерленіпті. Сонымен қатар, қыздың қасынан қанжар табылған. Соның ішінен ежелде өмір сүрген әйел адамның бас киімінің қалдықтары, тоны, белбеуінің қалдықтары сақталып қалыпты. Бұл зерттелген орын ежелгі кезде тоналып кеткен екен.

Аймақ басшысы биылғы жылдың жазында қазба жұмыстарына барып, археологтардың ашуларымен танысып қайтқан болатын.