Шығыс Қазақстанның аудан, қалаларында өтеусіз грант алушылар тізімі жасалуда

300
көрілім

Алдағы уақытта ел тұрғындарына мөлшері 252 500 теңгелік өтеусіз грант алу мүмкіндігі берілмек. Бұл жөнінде облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев хабарлады.

Мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті, яғни 252 500 теңгелік өтеусіз грантты бағдарламаның кез-кез келген қатысушысы, сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері оқу курстарынан өткен, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқудан өткен және мемлекеттік бағдарламалар аясында осыған дейін қаржылай қолдау алып көрмеген азаматтар, сонымен қатар жұмыс күші басым өңірлерден көшіп келушілер мен оралмандар ала алады.

- Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған қаржы жұмыс құралдарын, технологиялық құрылғыларды, мал мен құс сатып алу мақсатында жұмсалады. Мұндай гранттар тұтынушылық мақсат, несиелік қарыздарды жабу, тұрғын үй салу, сатып алу, жер учаскесін алу, акцизделетін тауарлар шығару және жал ақысын төлеу мақсатында берілмейді. Сондай-ақ ол бағдарлама қатысушыларына бір рет қана беріледі, - деді Ерболат Ошақбаев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, мемлекеттік грантты алудағы басты талап - үміткердің салық органдарында тіркелуі, өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы комиссияның оң қорытындысы, «Бастау-Бизнес» немесе бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу курстарынан өткен және мемлекеттік бағдарламалар аясында осыған дейін қаржылай қолдау алып көрмеген болуы керек. Грант үміткерлердің өтініші бойынша комиссия қорытындысы нәтижесінде беріледі.

- Грантты алу үшін үміткер жеке куәлігімен жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуі қажет. Өтінішпен бірге заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу туралы анықтаманы, жасалған бастапқы бизнес жоспарды, бағдарлама бойынша оқу курстарынан өткендігін нақтылайтын құжаттың көшірмесін, мекенжай немесе ауыл әкімінің берген анықтамасын тапсырады. Бүгінгі таңда мұндай үміткерлердің тізілімі аудан, қалалардың жұмыспен қамту орталықтарында жасақталып, құжат қабылдау басталып кетті, - деп қосты Ерболат Ошақбаев.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін 2018 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларын іске асыру, яғни стартап бойынша гранттар берудің жаңа мемлекеттік қолдау механизмі пайда болғаны жөнінде хабарлаған болатынбыз. Аталмыш бағыт бойынша азқамтылған көпбалалы отбасылардың мүшелеріне, жұмысқа жарамды азқамтылған мүгедектер мен NEET жастар санатына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік грант мөлшері 200 айлық есептік көрсеткішті, яғни 505 мың теңгені құрайды. Бұл мақсатқа биылғы жылдың сәуір айының соңына қарай республикалық бюджеттен қосымша 367,1 миллион теңге бөлінген. Бүгінде тұрғындардың аталған санаттары бойынша 727 адам грант алады деп жоспарланып отырған ережелерді әзірге еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен жоқ. Алайда, жоба жасалып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітілуге жіберіліп қойған.

- Төрт ай ішінде өңірдегі Жұмыспен қамту орталықтарына 576 отбасы кеңес алуға жүгінсе, олардың 36-сы көпбалалы отбасылар. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгеге 443 адам, оның ішінде көпбалалы отбасылардың 27 мүшесі несие ресімдеуге ниет білдірген. Өз ісін бастап, кеңейтуге бағытталған шағын несие көлемінің ең жоғарғы шегі 6 миллион теңге, яғни 2,5 мың айлық есептік көрсеткішті құрайды. Қарыз ақша бес жылға дейін беріледі, - деді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.