Тарбағатай ауданындағы аурухананың бұрынғы ғимараты көпқабатты тұрғын үйге айналды

4981
көрілім
Шартты фотосурет

Тарбағатай ауданындағы бұрынғы аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Басты мақсат - осыдан 9 жыл бұрын осы жерден баспана алған тұрғындардың жайлы орында өмір сүруіне жағдай жасау.

Аудандағы тұрғын үй мәселесі 2011 жылы «ерекше» тәсілмен шешілген. Сөйтіп аурухана ғимараты жөнделіп, тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға баспана ретінде берілген.

Бүгінде бұл ғимаратта 14 көпбалалы отбасы тұрады. Ғимарат болса жөндеуді талап етеді. ШҚО әкімі Даниал Ахметов Тарбағатай ауданына жұмыс сапары барысында аталған тұрғын үйдің иелерімен кездесті. Басқосу барысында аймақ басшысы облыстық бюджет есебінен қаражат бөлініп, мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аула абаттандырылып, барлық коммуникациялық желілер жаңартылатынын атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстарды Тарбағатай ауданының жаңа әкімі Асхат Смаилов бақылауда ұстайтын болады.

Бұл көпқабатты тұрғын үйдің иелері абаттандыру жұмыстарына бірге қолғабыс ететіндерін айтып, аймақ басшысына алғыстарын білдірді.

– Көпбалалы отбасылар өз қаражаттары есебінен мұндай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайды. Сондықтан біз алдағы уақытта олардың тұрғын үйлері қайта қалпына келтірілетініне қуаныштымыз. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң осы аулада көше мерекесін ұйымдастырамыз, - деді Даниал Ахметов.