Туризмнің туын тіктемек

267
көрілім

Бесқарағай ауданында «Қожагелді» сауықтыру кешені мен «Жаңа ауыл» киіз үй қалашығының құрылысы жүргізілмек. Бұл жайлы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметіне баспасөз брифингін өткізген аудан әкімі Дәулет Батырбаев мәлімдеді.

Жоба құны 800 млн теңгені құрайтын ауқымды құрылыс жұмыстарына бүгінгі таңда 550 млн теңге бөлінген екен. «Қожагелді» сауықтыру кешеніне 250 туриске арналған екі қабатты қонақ үй, 22 адамды қамтитын коттедждер мен 220 орындық асхана салынбақ. Сонымен қатар, демалушылар үшін ашық бассейн, панты ваннасы, балшықпен және қымызбен емдеу, массаж бөлмелері сынды сауықтыру кешендері жұмыс істейді. Жазғы алаң аумағына теннис корты, волейбол мен баскетбол алаңдары, сауна құрылысы жүргізілмек.

– Дәл осы жерде «Жаңа ауыл» киіз үй қалашығы ашылады, – дейді Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаев, – Бұл қалашыққа 250 мейманды сыйдыратын екі қабатты киіз мейрамхана мен 48 орындық киіз қонақ үй салынады. Осы жоба аясында 80 жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі уақытта жұмысты бастау үшін аздаған инвестиция қажет. «Қожагелді» сауықтыру кешені Семей қаласынан 7-8 шақырымдай жерде орналасатын болады.

Бұдан бөлек, аудан басшысы Шошқалы көліндегі Жағажай туризмін дамыту жұмыстарының жоспардан қалыс қалмайтынын атап өтті. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ мен Томск қалалық курортология және физиотерапия ғылыми-зерттеу институтының анықтауынша, емдік балшығы мен суы бар Шошқалы көлі қан айналымын, реттеп тыныс алу және асқорыту ағзаларын емдеуге септігін тигізеді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ