Ұлан ауданындағы Саратовка ауылдық округін көркейту үшін қандай шаралар атқарылмақ?

108
көрілім

Саратовка ауылы Ұлан ауданы бойынша өзіндік өндірісін қалыптастырып, түрлі салада жоғары көрсеткіштерге ие болып келе жатқан өлке. Осы ауылдық округ басшысы Азамат Манапов әкім ретінде қай бағытты дамытып, тұрғындар тірлігін қамсыз ету үшін құрған жоспарымен бөлісті. Жауапты тұлға кіріспе сөзін ауылдық округті экономикалық жағынан ілгерілету маңызды екендігінен бастады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Дәріхана жұмысына ден қойылуда

Қараша айының басында әкім болып тағайындалған осы өңірдің тумасы жауапты қызметке келгеніне бір апта ғана болғанын айтты. Сол бір жетінің ішінде «не істедіңіз?» дегеннен гөрі биыл жыл бітпей және алдағы уақытта қандай шараларға басымдық берілетіндігін сұрауды жөн көрдік. Алдымен дәріханалар жағдайына тоқталды. Қазір осы бағытта тұтынушыларды тартып, олардың қаражаты округ қазынасына түсер болса, көп тұрғыда ұтатындықтарын айтты. Таврия ауылдық округінде дәрі-дәрмек бағасы қымбат екенін алға тартып, Өскемен ауылдық округіне қарасты Восточное, Донское, Макеевка сынды ауылдардан тұрғындар көптеп келуі мүмкін екенін сөз етті. Тиімділігі сол, Азамат Манапов керек дәрі-дәрмекті онлайн-тапсырыс беру арқылы оңтайландырып жатқандарын айтты. Аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінен 25 шақырымдай жерде орналасқан округте 20 жылдай уақыт бұрын 1000-нан астам халық тұрған. Қазір одан екі есе аз, әйтсе де тіршілік тұраламады.

– Тауар бағасын 10 пайызға ғана арттырсақ, сатып алушылар үлесі азаймайды. Бір есептен, онлайн-тапсырыс бізде ғана бар, – деді Азамат Қадырбайұлы. – Қазіргі уақытта тегін дәрілер үлестіру жағын ойластырмақпыз. Бұрын бұл үрдіс көптеген ауруханаларда да жалғасып отыратын. Енді аудандық бас дәрігермен кездесіп, мүмкіндік болса сол препараттарды өз дәріханамызға алдырсақ деген жоспар тұр. Егер ол адам қолдап жіберсе, дәріхана жұмысының екінші бір тынысы ашылады. Жұмыс орындары да көбейеді. Негізінде, Саратовка мен Өскемен ауылдық округтерінде қызмет көрсету жағы ақсап тұр. Тұрғындар да аз-маздап көшіп жатыр. Жергілікті дәріхана жұмысы жанданып кетсе, қолжетімді дәрі-дәрмек сатып алу мүмкіндігі туындайды.

Тұрғындар көшіп кетпес үшін

Қазір Саратовка ауылдық округі бойынша барлығы 1513 адам тұрады. Ең көбі Ново-Одесское ауылында (591 адам). Биыл мұнда су құбыры желілерін тарту жұмысы аяқталып, оған 245 миллион 827 мың теңге жұмсалды. Жауапты мердігер – «Альянс XXI». Алдағы жылдары осы ауылдардың бірінде шаштараз, аяқ-киім тігіп, жөндейтін орталық пен дүңгіршіктер ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта облыс әкімінің қолдауымен сол Ново-Одесское ауылында дәрігерлік амбулатория ашу бір бағытқа қойылған. Құрылыс орны бекітіліп, бұйрық шығарылды. Келер жылдың көктемінде құрылыс басталып кетуі мүмкін. Ал былай күндері науқастардың көбі Таврия ауылында орналасқан аудандық ауруханаға баратын көрінеді.

Осы ретте Азамат Манапов аудан әкімі Ренат Құрмамбаев аудандық аурухананы Қасым Қайсенов кентінде салу жағын күн тәртібіне алғанын ескертті. Себебі, ол жақта халық саны өсіп, 10 мыңға жуықтапты. Статистикалық мәлімет 7000 деп көрсетсе де, студенттер мен жастардың барлығын қосқанда одан асып тұр. Көпшілік Өскеменде жұмыс істеп, күйбең тірлігін аудан орталығында жалғастырады дейді.

– «Нұрлы көш», 28 шақын аудан салынып, жол бойындағы Герасимовка мен Төлеген Тоқтаров ауылдарында да көшіп келген отбасылар легі байқалады. Өңір тұрғындарының қоныс аударып жатқан қарасы бір-екі жылда біздің ауылда да байқалатындығына сенімдімін. Саратовка ауылы соған дайын болуы керек. Үй саламын деген адамға жер бар, шамамен 15 минуттай жүрсе қаланың бір шетіне тиіп тұрады. Ендігі мақсат – округ бойынша тұрғындардың көшіп кетпеуін назарда ұстау. Ол үшін интернеттің ойдағыдай болғаны маңызды. Саратовкада 3G ұстайды, 4G нашарлау. Ново-Одесское мен Отрадное ауылдарына зер салсам, 2G-дің өзі әлсін-әлсін ұстайды екен. Оған қоса, Отрадноеда Теле2-нің ғаламтор мұнарасы орнатылған, сонда да H+ қана тартады. Ново-Одесскоенің жоғары жағында тәп-тәуір, алайда төменге түсе бастағанда байланыс үзіледі. Осы бағытта жұмыстар қолға алынады. Тағайындалғанымызға көп болмады, атқарар іс аз емес, – деді округ әкімі.

Колледж директорының көмегі

Дәл осы мәселе туризм тақырыбы талқыланған кезде де дүркін-дүркін көтерілген. Өйткені Ұлан ауданы аумағындағы көлдерге әр жақтан келген демалушылар интернеттің нашарлығына жиі шағымданыпты. Ғаламтордан асып, байланыс мүлде ұстамайтын жерлер бар дейді әкім. Соңғы бес жылда жиі сөз етіліп келеді. Бір есептен, қызмет көрсету саласының барлық бағыты салықтық жүйемен, кассалық аппарат арқылы іске асырылуда. Округ орталығында спортты серік еткендер үшін шағын футбол мен Street workout алаңы бар. Балалар алаңқайы да бүлдіршіндердің алаңсыз ойнауларына қолайлы. Тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысулары үшін жергілікті кәсіпкерлер де әркез демеушілік жасайды. «Агро-Бам» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Қасенов биыл көктемде Саратовкада шағын футбол алаңын орнатса, қожалықтың 25 жылдығы Республика күнімен тұспа-тұс келгенде мана айтылған Street workout алаңын көпшілік қолданысына берді.

– Көмек қолын созуға әлі де ниет білдіріп отыр. Күні кеше ой алмасып, тағы да жоспар бекіттік. Әрине, оң өзгеріс үш ауылда да болады. Үшеуінде де кәсіпкерлер көмек қолын беріп, үнемі қолдап жүреді. Саратовкадағы Ауыл шаруашылық колледжінің директоры Оралбек Оспанов та барлық шаралардың бел ортасында жүреді, – деді Азамат Манапов.

Жарығы жанбайтын көшелер бар. Айталық, Саратовка ауылында көшелердің көбінде дерлік шам жанады, тек қамтылмаған бірнешеуі бар. Отрадное елдімекенінде жарықтандыру мәселесі шешімін тапқан.

Жастар – жаңа леп

Округ әкімі жүзеге асырып, дамытуды қолға алғысы келетін бағыттардың бірі – кәсіпкерлікті дамыту. Логистика жағын, яғни Өскеменге жақын екендіктерін ескере келе, кәсіпкерлерді тарту – жаңа жұмыс орындарын ашуға бастайды. Бір жағынан жұмыспен қамтылған округ жастары еңбекке араласса тапқан қаржысы осы өңірдің экономикасымен біте қайнасады.

– Шет ел қалай дамып отыр? Ол жақта тұрғындар жалақыны басқа мемлекетте тапса да ақшаны өз еліне келіп енгізеді, – деді Азамат Қадырбайұлы. – Біз де солай етсек, қаражат ауылымызда қалып, әлеуметтік тұрғыда да алға басушылық байқалады. Кейде жастар жаныма келіп, шаурма, фаст-фуд ашуға ниетті екендіктерін айтып жатады. Қызығушылық болмаған соң көбінің мұнда келгілері жоқ. Егер мүмкіндік болып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатса өздері-ақ қалуды жөн санайды. Кәсіпорындар ашыла бастаса, ертең аудан басшылығы назар аударады, содан инфрақұрылым да дамиды.

Көпшілік қалауы – клуб үйі

Соңғы уақыттары округ тұрғындары клуб үйін салып беру жайлы өтініш айтуды жиілеткен. Мәселен, Отрадное ауылында кеңес өкіметі кезінде салынған клуб бар. Қазір қараусыз тұр. Ал жаңасын салу үшін тұрғындар саны аз. Белгілі бір ауылды бекітсе де, өзіндік талаптары бар. Округ әкімі Саратовка ауылында ән айтатын әжелер мен жастар ерекше белсенді екенін, өнерге жақын жндар аз еместігін айтты. Одан бөлек, Ауыл шаруашылық колледжінің директоры студенттерге арнап тағы бір жатақхана салса, урбанизацияға тоқтау салу мүмкін екендігі сөз етті. Саратовка жұрты аталған колледждің акт залында бас қосады және түрлі шаралар сонда өткізіледі.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Ново-Одесское ауылы мектебінің мұғалімдері хор жасақтап, түрлі әндерден шашу шашып жүреді. Биыл Республика күні қарсаңында да өнерлерін паш етті. Округ басшысы концерттер ұйымдастырылса, әркез жоғары деңгейде өтеді дейді.

– Бір қуантатыны, халықта еңбекке деген құлшыныс жоғары. Бірі – түйеқұс өсіруді, бірі – түйе асырауды қолға алғысы келсе, тағы бірі ешкіден табыс табуды жоспарлауда, – деді Азамат Манапов. – Оларға әкімдік тарапынан дұрыс бизнес-жоспар дайындауды көрсетсек, қаржыландыру жағын шешуге болады. Округімізде лимонад сусынын өндірушілер де бар. Олар бұрынғы тіршілігін қайта жаңғыртып, қаражат мәселесін шешсе, жаңа жұмыс орындары ашылар еді. Мұны «Стригоцкий» жеке кәсіпкерлігі қолға алуға әзір. Coca-Cola мен Fanta-ның зияны жайлы барлығы біледі. Бұл ретте сапалы сусын шығарып, өңір жұртына соны саудаласақ нұр үстіне нұр.