Ұлыбританияның Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылады

389
көрілім
Фото: egemen.kz сайтынан

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасында өзара ынтымақтастық келісімге қол қойылды. Келісім бойынша аталған оқу орнында қазақ тілін оқыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Министр Саясат Нұрбек пен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларынан құралған делегация әлемдегі ең беделді университетке барып, Оксфорд Бодлиан кітапханасының Қазақстанға қатысты эксклюзивті көне қолжазбаларымен танысты.

Осыдан кейін министр Саясат Нұрбек британдықтарға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен дайындалған Oxford Qazaq сөздігінің алғашқы басылымын таныстырды.

«Әлемдегі бірегей білім ордасы саналатын Ұлыбританиядағы Оксфорд университеті арасында өзара ынтымақтастық байланыс орнатып, өзара келісімге қол қойдық. Соның нәтижесінде Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту қолға алынатынын сүйіншілеп айтқым келеді.

 - Бодлиан кітапханасында Қазақстанға қатысты көне қолжазбалар таныстырылды. Ол кітапхана – өте ірі, рухани ордалардың бірегейі. Бұл руханият ордасында түркі философы Шейх Ахмед Таразидың «Кемелдік ғылымы» қолжазбасының жалғыз данасы сақталған. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен даярланған Oxford Qazaq сөздігінің алғашқы басылымында 60 мыңнан астам сөз бар. Еңбектің өзі 1 300 беттен тұрады, – деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, бұдан кейін әлемдік деңгейдегі жоғары білім сарапшыларының бірі әрі бірегейі Оксфорд университеті жанындағы Білім департаментінің ғылым жөніндегі орынбасары Майя Чанкселианимен келіссөз болып, онда 3 маңызды бағыт талқыланды. Олар – ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы, академиялық шеберлік орталықтары бойынша консалтинг, сондай-ақ жоғары білім беру саясаты саласында консультация беру сынды тақырыптар бойынша ынтымақтастық құруға уағдаластық. Ал Кэмбридж университеті жанындағы Homerton College деканы Лорд Саймен кездесуде тағылымдамалық бағдарламалар мен педагогтардың санын арттыру жөнінде көптеген ұсыныс талқыланды.