Заңсыз бизнестің зардабын тартты

415
көрілім

Осыдан төрт жыл бұрын заңсыз жолмен пайда табуды көздеген Өскемен қаласының тұрғыны Ресей Федерациясының азаматымен бірлесіп, облыс орталығының сауда орындарында, дүкендер мен дәмханаларда жалған лотерея терминалдарын қойып, лицензиясыз ойын бизнесін ашады. Транснационалды ұйымдасқан қылмыстық топқа мүше болған 8 адамның әрқайсысы өз міндеттерін бөліп алып, сол бойынша әрекет еткен. Өскеменнен бөлек Зырян, Шемонаиха қалаларында ойын автоматтарын орнатқан олар қыруар қаржыны қалтаға басады. Тіпті заңсыз «кәсіптері» әшкере болмас үшін қылмыстық топ жетекшісі Өскемен қалалық Прокуратура қызметкері мен Зырян аудандық ІІБ басшысына ай сайын ауызбастырық беріп отырған. Оқиғаның жай-жапсары ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, шулы істің үкімі 2018 жылдың ақпан айында шықты.

Сотталса да, сабақ алмаған

2013 жылы заңсыз ойын бизнесін ашқаны үшін сотты болып, 2 жылға бас бостандығынан шектелген Владислав Никифоров (аты-жөндері толықтай өзгертілген) қылмысын тоқтатқанның орнына одан әрі өрбіте түскен. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тағы да ұсталып қалмас үшін 54 жастағы ер адам бұл жолы барлық әрекетін алдын ала ойластырып алуды жөн көреді. Өзінің танысы Николай Быстровпен бірге ұйымдасқан қылмыстық топ құрған еркек, жымысқы ойларын жүзеге асыру үшін жұмыла әрекет етпекке бел байлаған. Көп ұзамай олардың қылмыстық тобына 6 адам келіп қосылады. Сөйтіп, өз міндеттерін бөліп алған азаматтар 2014 жылдың басында өз «кәсіптерін» дөңгелендіріп әкеткен.

Алдын ала құрылған жоспар бойынша топ жетекшісі Владислав Никифоров «Astana Plat» компьютерлік төлемдерді есептеу жүйесінің 2.0 нұсқасы» арқылы жұмыс істейміз деген бояма сөздерді айтып басқа бір танысын жеке кәсіпкер ретінде тіркейді. Содан барып заң бойынша Қапшағай мен Шортанды ауданынан басқа жерге орнатуға тыйым салынған ойын автоматтарын Шығыс Қазақстан облысына лотерея терминалдары ретінде кіргізбек болады. Құқық қорғау органдары мен Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметін алдарқату мақсатында және қылмыстық әрекеттерін заңды етіп көрсету үшін Алматы қаласындағы танысы арқылы вендингті жабдықтарды (автоматтандырылған аппараттық және бағдарламалық жүйелер – лотерея терминалдары) орнатуға және пайдалануға рұқсаты бар агенттің куәлігіне қол жеткізген. Сөйтіп, «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, Владислав екінші мәрте сотталмас үшін қажет болады-ау дегеннің барлығын әзірлеп қояды.

Екі жыл бойы табыс тапты

Ұйымдасқан қылмыстық топ ойын автоматтарын Шығыс Қазақстан облысындағы 27 орынға орналастырған. Атап айтқанда, олар Өскемен қаласы Славский атындағы жағалау көшесіндегі «Адмирал» залы (6 дана) мен «Айка» дүкенінде (1 дана), Бажов көшесіндегі «На Бажова» ЖҚС (3 дана), Гагарин көшесіндегі «Рахат» дүкенінде (2 дана), Тәуелсіздік даңғылындағы «Karcher» ЖҚС (1 дана), лото зал (4 дана) мен «Адмирал» дүкенінде (4 дана), Өтетов көшесіндегі «КШТ» банкет залында (4 дана), Новаторов көшесіндегі «Сигнал» дүкенінде (1 дана), Қазақстан көшесіндегі «Микен» дүкенінде (2 дана), Қабанбай батыр көшесіндегі «Волна» супермаркетінде (3 дана), «Қайнар» (2 дана), «Жазира» (2 дана) мен «Ануара» (6 дана) сауда үйлерінде, Абай даңғылындағы автобекетте (5 дана) және «Дина» сауда кешені (2 дана) мен орталық базар аумағында (1 дана), Промышленная көшесіндегі «Металлург KZ» минимаркетінде (2 дана), Менделеев көшесіндегі «Ел-Еңбек» сауда үйінде (2 дана), Машиностроители көшесіндегі «Импульс» дүкенінде, Протозанов көшесіндегі «Империя» клубында (2 дана), Бажов көшесіндегі «Самал» дүкенінде, Серікбаев көшесіндегі «Блеск» ЖҚС, Зырян қаласы Максим Горький көшесіндегі автобекетте (4 дана), Шахтостроители көшесіндегі «Геолог» дүкенінде (4 дана), Шемонаиха қаласы Чкалов көшесіндегі автобекетте (2 дана), Вокзальная көшесіндегі «Уют» дәмханасында (2 дана) ойын автоматтарын қойған.

Құқық қорғау органдары тарапынан қысым емес, қолдау көру үшін Владислав Никифоров қулыққа бармақ болады. Өскемен қалалық Прокуратура басқармасының аға прокуроры Дәулет Маратов пен Зырян аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Берік Сейітхановты әңгімеге тартқан еркек олардың заңсыз ойын бизнесін өз қарамағына алуы үшін ай сайын 150-800 мың теңге көлемінде салық төлеп отыруға келіскен.

Топ жетекшілері Владислав пен Николайдың негізгі міндеттері ойын автоматтарын орнататын жаңа нүктелерді табу, заңсыз бизнестен түскен пайданы есептеп, бөлу болған. 2015 жылы Николай Быстров Ресейге көшіп, сол елдің азаматтығын алады. Бірақ ол, Қазақстандағы әріптестерінен тұрақты түрде ақша алып, ақыл-кеңес айтып отырған. Транснационалды ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Ерасыл Сапарғалиев ойын автоматтарын күзетіп, қамқорлық танытқан прокуратура қызметкері мен тәртіп сақшысына айына бір рет ақша жеткізумен айналысса Виталий, Сергей, Антон мен Егор автоматтардағы ақшаны уақытылы шешіп-салуды өз міндеттеріне алған.

Осылайша, заң өкілдерінен ешқандай тосқауыл болмаған соң олар заңсыз «кәсіптерін» 2 жыл бойы қаннен-қаперсіз жүргізеді. Бірақ, 2016 жылы бұл ұйымдасқан қылмыстық топты Шығыс Қазақстан облыстық Прокуратурасы анықтап, әшкереледі. Сөйтіп, құлқынның құлы болған 8 адамның ісі ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберіледі.

Жазадан жалтармады

Сот барысында айыпталушылардың бірде-біреуі өз кінәсін мойындамады. Сот үкімі бойынша Владислав Никифоров 11 жылға, Ерасыл Сапарғалиев 8 жылға, Сергей Саяпин, Антон Цветков, Виталий Князев пен Егор Гариев 4 жыл 3 ай мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Ал ұйымдасқан қылмыстық топқа қолдау көрсеткен экс-прокуратура қызметкері мен тәртіп сақшысы 12 жыл 3 ай мерзімге темір торға тоғытылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ойыннан опық жегендер аз емес

Шығыс Қазақстан облысында заңсыз ойын бизнесі арқылы пайда көргендер тым сирек десек өтірік айтқандық болар. Осы ретте, сіздердің назарларыңызға бірнеше оқиға келтіре кетуді жөн көрдік:

2016 жылғы қараша мен 2017 жылғы наурыз айлары аралығында Өскемен қаласының дүкендерінде, базарлар мен дәмханаларда жалған лотерея аппараттарын қойып, лицензиясыз ойын бизнесін ашқан топтың жолы кесілді. Қарағанды қаласының тұрғыны лотерея бизнесі саласында пайда табу мақсатымен қала аумағында ойын терминалдарын қою, оларға қызмет көрсету үшін ай сайынғы сыйақыға мамандарды жалдап, банкте есепшот ашады. Оның жалдаған мамандары үй-жайларды жалға алу шарттарын жасасып, тиісті төлемдерді төлеп, вендинг жабдықтарынан түскен ақшаны алуды жүзеге асырған. Олардың шарттарына сәйкес, заңсыз кәсіптен келген пайда банктегі есеп шоттарға аударылып отырады.

Топтың құйтырқы әрекетінің нәтижесінде 21 млн. теңгеден астам заңсыз табыс алынған. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында қаланың 30-дан артық сауда нүктелерінде 61 лототерминалдары, 7,4 млн. теңгеден артық ақша сомасы тәркіленді.

Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен қылмыстық топтың мүшелері ҚР ҚК 307-бабының 3-бөлігі, 2-тармақшасына сәйкес 3 жарым жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Өткен жылы облыс орталығында жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде электронды ойын автоматтары түріндегі заңсыз ойын бизнесінің жолы кесілді. Өскемен қаласының тұрғыны азамат С. 2016 жылдың соңында Өскемен қаласының Тәуелсіздік даңғылы 14/1 мекен-жайдағы жайды жалға алып, заңсыз ойын бизнесін ашады. Осы үшін Алматы қаласында анықталмаған тұлғалардан «FRUIT LOTO», «ДАЙ ПЯТЬ», «TURBO KENO», «LUCKY LADY CHARM», «SIZZING HOT DELUXE», «ПОБЕДА», «КАРТ ЛОТО», «MONKEY LOTO», «LUCKY HAUNTER», «KEHO», «ФРУКТОМАНИЯ», «ЗО-ЛОТО», «КУРОРТЛОТО» қосымшалары орнатылған 6 дана ойын автоматтарын сатып алып, заңсыз ойын бизнесін ашқан.

Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен азамат С. ҚР ҚК-нің 307-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 500 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, айыпталушыдан мемлекет қазынасына 306 мың теңге тәркіленген.

2017 жылы Семей қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған әйел сотталды. Тергеу анықтағандай, қолында тиісті лицензиясы болмаған азаматша, бір нысанды жалға алып, оның ішіне 4 компьютер қойған. Келушілерге ақшалай ұтыстар ұсынған ол заңсыз пайдаға кенеледі. Алайда көп ұзамай құзырлы органдар мекемедегі ойын бизнесінің заңсыз екендігін анықтаған. Семей қаласының №2 сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді.

Заң өкілдерінің заңсыздығы

Құқық қорғау органдары өкілдерінің заңбұзушылыққа тосқауыл қойғанның орнына, заңды белден басқандарға қолұшын созуы тұңғыш рет емес:

Өткен жылы Қызылорда қаласында ұйымдасқан қылмыстық топқа қолдау көрсеткен көлік прокуроры Нұрлан Серікбаев жазаға тартылды. Сот мұнай бизнесі арқылы қыруар қаржы тапқан қылмыскерлердің жолын бөгеудің орнына, жәрдем берген қадағалау органының қызметкерін 2 жылға бас бостандығынан шектеді. Айыпталушы мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды.

2017 жылдың аяғында Алматы облысы Қапшағай қаласында есірткі саудасымен айналысқандарға қамқорлық танытты деген күдікпен төрт полиция қызметкері тұтқындалды.

Алматы облыстық Прокуратурасының хабарлауынша, полицейлер Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Алматы облыстық департаменті және облыс Прокуратурасы есірткі заттарын таратушыларды анықтау үшін бірлесіп жүргізген құпия тергеу шарасы барысында қолға түскен. Тергеу кезінде Қапшағай қалалық ішкі істер бөлімінің төрт қызметкерінің есірткі сатушыларға қамқорлық танытқаны анықталған. Олармен бірге есірткі заттарын өткізді деген екі күдікті ұсталыпты.

Біздің анықтама

Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес казино және ойын автоматтары залдарын Алматы облысының Қапшағай су қоймасы жағалауы мен Ақмола облысының Шортанды ауданы аумағында орналастыруға рұқсат етілген.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ