Зайсан ауданындағы Біржан ауылының тұрғындары бақшалық суға жарымай отыр

792
көрілім
Тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған біржандықтар биылдан бастап бақша ексек деп армандайды. Армандайды дейміз-ау, армандары бір ғана шақырымдық тоғанның бір көмейіне ғана келіп тірелген сыңайлы. «Ауыл жанынан ағып өтетін Жарлы өзеніне жетер-жетпен жүз метрлік жерді техникамен бір төңкеріп тастаса, арық суына ауыл халқы қарқ болар еді» дейді олар. Десе де, ауылдың бұдан басқа да мәселелері жоқ емес…
«Жарлының» жанында жарымай отырмыз

Қытайдан келген оралманмын, — дейді Бексейіт Бердәліп (аты-жөндері өзгертілген) есімді оқырманымыз. – Біржан ауылында 58 оралман отбасы қоныстанған. Басты мәселеміздің бірі – шабындық жердің жоқтығы. Жылда шөпті сатып аламыз. Қазір елуге тарта ірі қара, жетпіске тарта ұсақ малым бар. Осы малға шауып аласың деп шөп шықпайтын тақыр жерден сегіз гектар жер берген. Көк майса бір жылы шықса, келесі жылы шықпай қалады. «Басқа жерді өзің тап» дейді. Жер сырын білмейтін шеттен келген біз оны қайдан табамыз?

Мемлекет тарапынан қосымша жер беріле ме деген үмітінің барын алға тартқан Бескейіт ақсақал ауылда бұдан басқа бақша суының мәселесі барын айтып өтті.

Өзен суы бостан-бос Ертіске құйып жатыр, – дейді ол. – Кезінде қазылған каналдың көмейін жөндеп берсе деп, бірнеше рет ауданға барып қайтқан едік. Бірақ ауданның да, ауылдың да әкімі мәселемізге көңіл бөлмеді. Мұнда мал дәрігері де жоқ. Мал ауырса ем-домы мен екпесін өзіміз сатып әкеп егеміз. Осы мәселеге билік көңіл бөліп, біз сияқты шаруаны қолдаса дейміз.

Бақша суы болмай тұр

Ауылымызда дәріхана жоқ, – дейді Айтан Әлібекұлы есімді ауыл тұрғыны. — Жергілікті дәрігер «бұл менің міндетім емес» дейді. Биліктегілер дәріхананың шығынды ақтамайтынын алға тартады. Зайсаннан қырық шақырым қашықта тұратын ауылда адам ауырса дәрі әкелгенше не болады? Оның үстіне ауылды келіп бұзып жатыр. Біраз бұрын халық алдында есеп берген аудан әкімі ауылда ешнәрсенің бұзылмайтынын айтқан еді. Айтып ауыз жиғанша, бір жігіттер келіп ескі ғимаратқа көлік жөндейтін шеберхана, сонан соң наубайхана, шаштараз ашамын деген болатын. Барлығы құр сөз болып қалды. Бұрын монша болған ғимарат енді бұзылып жатыр. Қазір төбесіндегі плита блоктары алынған монша зират сияқты болып қалды. Тіпті алған соң қабырғаларын да бұзып, орнын тазалап кетпей ме?

35 жыл бұрын іргесі қаланған кеңшар конторы да бұзылып кете ме деп күдіктенген ауыл тұрғындары ауыл әкімінің бұрынғы монша төбесінің алмастырылып жатқаны жөнінде уәж айтқанын алға тартты.

Ақбұлақ» бағдарламасы ауылдағы ауыз су мәселесін шешкенімен бақша суынан азап тартып отырмыз. Жаз болса ауыл іші ақ шаңға бөгеді. Өзім он жыл бұрын көш басын Біржанға тіреген оралмандардың бірімін. 1991 жылғы жойқын жер сілкінісінде Елбасымыздың өзі келіп қираған ғимараттарды сапалы етіп қалпына келтіруді айтқан екен. Жиырма бес жыл ішінде құрылыстардың көбі бұзылып, сатылып кетті. Ауылдың кіреберісіндегі бұрынғы монша ғимараты 13 балдық жер сілкісіне төтеп бере алатын бірден бір ғимарат. Ол бұзылса қалай болмақ? Кейбір оралмандар онда кәсіп ететін орын ашқылары келеді. Оның құжаттарын жөндеп, жергілікті халықтың игілігіне жараса жақсы-ақ болар еді, – дейді Темірхан Базарбек есімді ауыл тұрғыны.

Қайта жөндеп жаңартады

Біржан ауылына қатысты ресми хатпен жауап берген Біржан ауылдық округінің әкімі Сейтбаттал Молдашев бос тұрған ескі ғимараттардың аукцион арқылы сатылғанын хабарлады. Заңға сәйкес саудаға түскен нысанға үміт еткен Серік Бөкенов есімді ауыл тұрғыны саудада ұта алмаған екен. Шенеуніктің айтуынша, монша ғимаратының жаңа иесі оның төбесін жаңартып, алдағы уақытта қатымхана ашатын көрінеді. Сондай-ақ, кеңшардың бұрынғы кеңсесі де жөнделмек.

Бақшалық суға келер болсақ… Ол Кеңестік кезеңнен тапшы болып отыр. Жарлы өзенін бірнеше рет бөгет жасау арқылы су шығарылған. Алайда жердің құмды, лай болуына орай бөгетті су тасқыны ағызып кетіп отырды. Қазір ауылда екі дизельді су соратын қондырғы бар. Сол арқылы біраз ауыл тұрғындары шағын бақшаларын өсіріп отыр, – дейді Сейтбаттал Қабықайұлы

Жарлы өзенінің жанында отырып бақша суына жарымай отырған біржандықтардың мәселесі облыстық «Менің өлкем» газетінде бір емес бірнеше көтерілген. Өткен жылы осы мәселеге қатысты жауап берген аудандық ТҮКШ бөлімі өзенге бөгет салу экономикалық жағынан тиімсіз екенін айтқанымен, алдағы уақытта жоспарда барын алға тартқан еді. Армандары әлі де орындала қоймаған ауылдықтардың алдағы күннен күтер үміттері көп-ақ…

Азамат ТЕМІРБЕКОВ