Зайсандағы «Руслан Зәкиев» шекара бекетіне офицердің ескерткіш тақтасы орнатылды

1279
көрілім

Жуырда Зайсан ауданындағы шекара бекетіне ұшақ апатынан қайтыс болған полковник Руслан Зәкиевтің атын беруге қатысты салтанатты шара болып өтті. Бұл – Қазақстандағы Шекара қызметінің адам атауына берілген тоғызыншы бекеті. Қатарласын еске алуға өзінің әскери достарымен бірге, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры – ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары Дархан Ділманов та келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шараға әскерилермен қатар, Зайсан қаласының тұрғындары, марқұм Руслан Зәкиевтің туыстары да келді. Генерал-майор Дархан Ділманов өз сөзінде шекара бекетіне атын беру арқылы Руслан Әлимолдаұлының есімін ел жадында қалатынын атап өтті.

Мен оны танығаныма мақтанамын. Біз 1990 жылдан бері дос болдық. Ол нағыз офицер еді, – деді Дархан Ділманов.

«Руслан Зәкиев» шекара бекетінде бұдан былай сарбаздар күнде жиналып, кезекшілікке қабылдану үшін ескерткіш тақта алдында жиналатын болады. Ал кешкі есеп кезінде ең алдымен Руслан Зәкиевтің аты аталады.

Естеріңізге сала кетсек, 2009 жылдың 8 қыркүйегінде ОҚО-дағы Өгем шатқалында 13 адамы бар әскери МИ-8 тікұшағы құлап, 10 шекарашы қаза тапқан болатын. Өзбекстанда түрмеден қашқан алты қарулы қылмыскердің жолын кесу үшін барлау тобы мемлекеттік шекарада тосқауыл ұйымдастырған. Барлау тобын бастап шыққан Руслан Зәкиев екі күн бұрын ғана жаңа қызметке тағайындалып, бірнеше күннен соң Астанаға аттанбақ болған еді.

Мейрамбек Қосажан