Зайсандық кәсіпкерлер мемлекеттік қызметшілердің банктік шоттарды негізсіз талап еткендігіне шағымданды

443
көрілім

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне Зайсан ауданының бір топ кәсіпкерлері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілердің заңды белден басқандығын айтып жүгінген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олар 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы хабарлама жолдап, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша гранттар беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін белгілі бір банктен  шот ашу қажеттігі туралы негізсіз талап қойғандығын айтып шағымданды.
Сонымен қатар, «Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының» 53-тармағының 4-тарауына сәйкес, деректемелері бар банктік шот грант беру туралы оң шешімнен кейін 3 жұмыс күні ішінде берілуі тиіс.
- Осылайша, бөлім мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің ережелерін бұзып, жасанды әкімшілік кедергілер тудырған, - делінген мәліметте.
Осы мәселені қарау қорытындысында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Зайсан ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне нормативтік құжаттар талаптарын мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол жерде кәсіпкерлердің құқықтары бұзылуына жол бермеу жөнінде де айтылды.

Сондай-ақ өрескел бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.