Зейнетақы тағайындауда 2018 жылы орын алатын өзгерістер жайы белгілі болды

780
көрілім

Келе жатқан 2018 жыл зейнеткерлерге бірқатар оңды өзгерістер сыйламақ. Атап айтсақ, жаңа жылдан бастап зейнетақы көлемі 8 пайызға артып, шілде айынан бастап базалық (президенттік) зейнетақы көлемі жұмыс өтіліне байланысты қайта есептелетін болады. Сонымен қатар, ынтымақты (солидарная пенсия) зейнетақыны есептеу кезінде назарға алынатын 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әйелдердің еңбек өтілінің бірте-бірте азаюымен және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ұлғайту мақсатында олардың жасын көтеру бойынша өзгеріс енгізіледі. Осы орайда зейнетақы есептеудің қыры мен сырына терең үңілуді мақсат еткен бізге келер жылдағы көлемді өзгерістер жайын Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы Жанна Самұратова айтып берді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық зейнеткерлердің зейнетақылары 8 пайызға арттырылады. Сонымен қатар мүгедектер, асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақы алатын азаматтарға берілетін төлемдердің ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты екені белгілі. Келесі жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 3825 теңгеге ұлғайып 28284 теңгені құрамақ. Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап мүгедектерге берілетін екі төлем, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептелетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен айлық есептік көрсеткіштің деңгейіне байланысты арнаулы жәрдемақы біріктіріледі, бұдан ол азаматтар еш ұтылмайды, жәрдемақының көлемі сол қалпы қалып, тек оны беру үрдісі оңтайландырылады.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасына жеткен кезде (58-63/63 жаста) және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады.

Базалық зейнетақы төлемін тағайындау үшін қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі (міндетті зейетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу кезеңдері) жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңдері есепке алынатын болады.

Бұған қоса, басқа әлеуметтік маңызы бар кезеңдер, атап айтсақ, үш жасқа дейінгі балаға күтім жасау, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасау, дипломаттардың жұбайларының шетелде тұрған, әскери қызметшілердің, әлеуетті құрылымдар қызметшілерінің жұбайының жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ болған жерлерде, бірақ 10 жылдан көп емес тұрған кезеңдері және тағы басқалар қосылады.

Ұлғайту мақсаты

– Қаңтар айынан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы әр жыл сайын жарты жасқа ұлғайып отырады, – дейді Жанна Болатқызы. – Осылайша алдағы 10 жыл көлемінде жүргізілетін осындай өзгерістер 2028 жылға қарай әйелдердің зейнетке шығу жасын 63 жасқа жеткізбек. Мұның басты себебі әйелдерге жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің ұлғаю қажеттілігіне байланысты, өйткені ынтымақты зейнетақыны есептеу кезінде назарға алынатын 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әйелдердің еңбек өтілінің бірте-бірте азаюы болып табылады.

Атап айтсақ, бүгінгі таңдағы зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жинаған жұмыс өтіліне байланысты есептелетін негізгі зейнетақы мен 1998 жылдан бері қарайғы еңбек табысына байланысты тағайындалатын зейнетақыдан, сондай-ақ зейнеткерлік жасына толған кезде барлығына бірдей тағайындалатын базалық немесе көпшілік «президенттік» деп атап кеткен зейнетақыдан (2017 жылы ол – 14466 теңге) құралады. Мысалы, 1960 жылы дүниеге келген әйел адам 1998 жылға дейінгі қажетті 20 жылдық еңбек өтілін жинай алмауы мүмкін. Бұдан 1998 жылға дейін 10-15 жыл ғана еңбек өтілін жинаған азаматшаның негізгі зейнетақысының мөлшері аз шығады.

Осылайша зейнеткерлік жасты өсіріп, азаматшалардың еңбек өтілі мен зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға мүмкіндік берілмек.

Бес баласы бар әйел зейнетке 53 жастан шыға алады, – дейді бөлім басшысы. – Бұл өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ, әйел азаматшаның базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін жұмыс өтіліне жұмыс істемеген уақытта дүниеге әкелген балаларын күтіп-баққан уақыты, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт есепке алынады.

Мұны анықтап көрсетсек: мысалы 1959 жылдың 1 желтоқсанында дүниеге келген әйел бүгінгі күні 58 жасқа толып, зейнетке шықты делік. Оның 1998 жылға дейін толық 20 жыл жұмыс өтілі бар, бірақ 1998 жылдан кейін жұмыс істемеді делік. Яғни, кейінгі жылдарда жұмыс өтілі мен қордағы зейнетақы жинағы жоқ. Азаматшаның 20 жылдық жұмыс өтілін есептей отырып оған 31 245 теңге көлеміндегі ең төменгі зейнетақы тағайындалып, оған, 14 466 теңге базалық (президенттік) зейнетақы қосылады. Нәтижесінде зейнетақы мөлшері 45 711 теңгеге жетеді. Бұл қазіргі таңдағы ең төменгі зейнетақы мөлшері.

Жұмыс өтілі маңызды!

Келесі жылдың басынан бастап 31245 теңгелік ең төменгі зейнетақы 8 пайызға артып 33745 теңгеге, ал 14 466 теңге базалық зейнетақы 15274 теңгеге жетеді.

– Алайда 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнеткерлерге тағайындалатын базалық (президенттік) зейнетақының көлемі өзгеріске ұшырайтын болады, – деп қосты Жанна Болатқызы. – Атап айтсақ, бұған дейін ол барлығына бірдей тағайындалып келсе, ары қарай оның көлемі 1998 жылға дейін және кейінгі жылдары жинаған еңбек өтіліне байланысты болмақ. Жоғарыда көрсеткен мысалға қайта оралсақ. Мысалы, қорға жинақтаған зейнетақысы жоқ, 1998 жылға дейін 20 жылдық жұмыс өтілі ғана бар әйелге ең төменгі күнкөріс деңгейінің (2018 жылы ол 28284 теңгені құрайтын болады) 74 пайызы көлемінде, яғни 20 930 теңгелік базалық зейнетақы тағайындалады.

Формуласы:

28 284 теңге (2018 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі) Х 74% (еңбек өтілі 20 жыл — 1 кестеге қараңыз) = 20 930 теңге (базалық зейнетақы).

Сондай-ақ, мұны есептеуде әйелдің 1995, 96, 97 жылдары туған балаларды үш жыл, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін дүниеге келген мүгедек баланы 16 жасқа дейін күтіп-баққан жылдары да еңбек өтіліне жылдар үстемелейді.

– Ауыл-аймақтағы шаруа қожалықтары салық режиміне байланысты әлеуметтік аударымдарды тоқсанына, жарты жылдықта бір рет аударып жатады. Мұндай жағдайда олар аударымды әр айға бөліп көрсеткені дұрыс. Сонда ғана азаматтардың жұмыс өтілі үздіксіз болады, – дейді Жанна Самұратова.

Ұрпақ үлесі

Маманның айтуынша, 1980 жылдардан кейін дүниеге келген азаматтарда зейнетақы екі көзден ғана, яғни жұмыс өтіліне шаққандағы базалық зейнетақысы мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударған жарнасынан түзілетін көрінеді. Мысалы, 1980 жылы туған адам 2046 жылы зейнеткерлікке шықты делік. 25 жасынан үздіксіз жұмыс істесе жұмыс өтілі 38 жылды құрайды. Яғни, 1-ші кестеге сәйкес базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады.

Формуласы:

28 284 теңге (2018 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі) Х 100% (еңбек өтілі 33 жылдан жоғары — 1 кестеге қараңыз) = 28 284 теңге (базалық зейнетақы) + Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жарнаның ай сайынғы бөлінген сомасы.

Дегенмен, бұл сома 2018 жыл бойынша мысал ретінде ғана алынып отыр, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 2046 жылы өзгеше болатыны сөзсіз.

– Егер азамат жұмыс істемесе, еңбек өтілі 10 жыл немесе одан да төмен болса, оған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайыз мөлшерінде ғана базалық зейнетақы тағайындалады, – дейді Жанна Самұратова. – Ал жұмыс өтілі он жылдан артық болса, әр жыл үшін оның мөлшері екі пайызға өсіп отырады.

Әлеуметтік әділдік!

– Бүгінгі таңда өңірімізде 223 мыңнан астам зейнеткер бар, – дейді маман. – 2018 жылдың 1 шілдесінде аталмыш зейнеткерлердің базалық зейнетақыларына қайта есептеу жүргізіледі. Ол үшін біз зейнеткерлерге қайтадан құжат жинатып әуреге салмаймыз. Зейнетақы істерінде олардың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін және одан кейінгі уақытта жұмыс істеген жылдары туралы мәліметтер бар. Сол мәліметтер бойынша базалық зейнетақыларын қайта есептейтін боламыз.

Қоса кетсек, 2018 жылдың жазында жүргізілетін қайта есептеуден зейнеткерлеріміз еш ұтылмайтын болады. Керісінше, ұтады! Мысалы, 33 жылдық жұмыс өтілі бар зейнеткерге ең төменгі күнкөріс деңгейінің (2018 жылы ол 28284 теңгені құрайтын болады) 100 пайызы, яғни 28284 теңге көлемінде базалық зейнетақы тағайындалса, жұмыс өтілі он немесе одан да аз зейнеткерлерге оның 54 пайызы, яғни 15 274 теңге базалық зейнетақы тағайындалатын болады. Осылайша әр зейнеткердің базалық зейнетақысы еңбек өтіліне байланысты тағайындалмақ.

Бұл еңбек өтілі үлкен болса да, зейнеткерлікке шығу сәтіне табыстары туралы мәліметтердің болмауына, сондай-ақ заңнамалық тұрғыдан белгіленген шектеулерге байланысты төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді, — дейді Жанна Болатқызы.

Табысқа байланысты!

– Біз осыған дейін ең төменгі зейнетақы жөнінде айттық, – дейді Жанна Болатқызы. – Енді табыспен есептелетін зейнетақы жөнінде айта кетсем. Мысалы, 1998 жылға дейін толық 20 жылдық жұмыс өтілі бар әйел адам одан кейін де жұмыс істеп биыл зейнетке шықты делік. Ол үш жыл бойынша еңбек табысы жөнінде анықтама әкелді делік. Анықтама бойынша оның бүгінгі таңдағы ай сайынғы орташа жалақысы 83 мың теңгені құрайды дейік. Біз оның 20 жылдық жұмыс өтілі үшін аталмыш жалақсының 60 пайызын береміз.

Мысалы, 83 000 теңге х 60% = 49 800 теңге.

Әйелге 49 800 теңге көлемінде негізгі ( ынтымақты) зейнетақы тағайындалады. Оған бүгінгі күні барлығына бірдей төленетін 14 466 теңге базалық (президенттік) зейнетақы қосылады. Егер әйелдің жұмыс өтілі 20 жыл емес 25 жыл болса. Онда әрбір артық бір жылы үшін пайыздық көлем бір пайызға көтеріліп отырады. Сонда бұл азаматшаның жаңағы еңбекақысы 60 емес 65 пайызға көбейтіледі.

Мысалы, 83 000 теңге х 65% = 53 950 теңге.

Егер 30 жыл болса 70 пайыз болады. Бірақ бұл көрсеткіш 75 пайыздан аспауы керек, алайда бүгінгі таңда ешқандай зейнеткердің жұмыс өтілі 75 пайызға жетпейді. Яғни, 75 пайыз болу үшін әйелде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 35 жылдық жұмыс өтілі болуы керек. Осы себепті қазіргі уақытта ең жоғарғы зейнетақы ешкімге тағайындалып жатқан жоқ.

Енді 2018 жылы оның зейнетақысының қалай өзгеретініне үңіліп көрелік. Бұл азаматшаның негізгі зейнетақысы 1 қаңтардан бастап 8 пайызға өседі. Мысалы, 49 800 теңге х 8% = 53784 теңге негізгі зейнетақы, базалық зейнетақы 15274 теңгеге өседі. Барлығы 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан 69058 теңге төленетін болады. Сонымен қатар бұл азаматша 1998 жылдан бері де жұмыс істеп келсе, оның 1998 жылға дейінгі 20 жылдық жұмыс өтіліне қосымша 19 жыл жұмыс өтілі қосылып, жиыны 39 жылды құрайды. Яғни, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең, яғни 28 284 теңге болады. Нәтижесінде оның толық зейнетақысы 82 068 теңгені құрайтын болады.

Талап етілетін жылдар…

Зейнет жасына жеткен әйел адамда 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілі 20 жыл, ал ер адамда 25 жыл болуы керек. Өйтпеген жағдайда оның негізгі зейнетақысының мөлшері ең төменгі зейнетақыдан (2017 жылы — 31 245 теңге) төмен болады. Сондай-ақ, маманың айтуынша, адамдардың 1998 жылға дейінгі жұмыс өтіліне олардың кәсіптік училищелер мен жоғарғы оқу орындарында оқыған жылдары, әскерде болған уақытта да қосылатын көрінеді.

– Егер әйел адамда 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілі толық емес, яғни 15 жыл ғана болса, оның үстіне 1998 жылдан кейін мүлдем жұмыс істемеген болса, оның зейнетақысын есептеу басқаша жүргізіледі, – дейді Жанна Болатқызы. – 15 жылды 12 айға, сонан соң бүгінгі таңдағы ең төменгі зейнетақыға, яғни 31 245 теңгеге көбейтіп, 240 айға, яғни әйел адамға қажетті 20 жылды айға шаққандағы санға бөлеміз.

Формуласы:

2017 жылы

Әйел адамға

Ер адамға

15 жыл (жұмыс өтілі) х 12 ай х 31245 теңге (ең төменгі зейнетақы) : 240 ай (әйел адамға қажетті 20 жылдық жұмыс өтілі) = 23 434 теңге негізгі зейнетақы + 14 466 теңге базалық (президенттік) зейнетақы = 37 900 теңге зейнетақы тағайындалады. 15 жыл (жұмыс өтілі) х 12 ай х 31245теңге (ең төменгі зейнетақы) : 300 ай (ер адамға қажетті 25 жылдық жұмыс өтілі) = 18 747 теңге негізгі зейнетақы + 14 466 теңге базалық (президенттік) зейнетақы = 33 213 теңге зейнетақы тағайындалады.

2018 жылы жоғарыда көрсетілген әйел азаматшаның 23434 теңге зейнетақысы 8 пайызға өсіп 25309 теңгеге көтеріледі, ал базалық зейнетақысы 15274 теңгеге ұлғаяды. Нәтижесінде азаматшаның зейнетақысы 38708 теңгеге өседі.

– Егер әйел адам 1998 жылға дейін 15 жылдық жұмыс өтілі болып, бірақ кейінгі жылдары жұмыс істеп, айына 80 мың теңге табыс тауып жүрсе, зейнетақысы бөлек есептеледі, – деп қосты Жанна Болатқызы. – Жаңағы 80 мың теңгесінің 60 пайызын береміз. Оның формуласы мынадай: 15 жылды 12 айға, сонан соң 80 мың теңгелік жалақсының 60 пайызына көбейтіп, 240 айға, яғни әйел адамға қажетті 20 жылды айға шаққандағы санға бөлеміз.

Формуласы:

2017 жылы

Әйел адамға

Ер адамға

15 жыл (жұмыс өтілі) х 12 ай х 80000 теңге (жалақысы) х 60% : 240 ай (әйел адамға қажетті 20 жылдық жұмыс өтілі) = 36 000 теңге негізгі зейнетақы + 14 466 теңге базалық (президенттік) зейнетақы = 50 466 теңге зейнетақы тағайындалады. 15 жыл (жұмыс өтілі) х 12 ай х 80000 теңге (жалақысы) х 60% : 300 ай (ер адамға қажетті 25 жылдық жұмыс өтілі) = 28 800 теңге негізгі зейнетақы + 14 466 теңге базалық (президенттік) зейнетақы = 43 266 теңге зейнетақы тағайындалады.

Дегенмен, басқарма маманы үлкен жалақы алатын азаматтар үшін де шектеудің барын ескертіп өтті.

– Қазіргі уақытта жалақыны есептеуде 46 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) алынып отыр. Бүгінгі күні 46 АЕК 104 374 теңгені құрайды. Мысалы, зейнетке шығатын адамның орташа айлық жалақысы 110 мың, мейлі 120 мың теңге болмасын, заңды тұрғыдан оны 104 374 теңгемен шектейміз, – дейді Жанна Болатқызы.

Формуласы мынадай:

2017 жылы

Әйел адамға

Ер адамға

15 жыл (жұмыс өтілі) х 12 ай х 104 374 теңге (жалақысы) х 60% : 240 ай (әйел адамға қажетті 20 жылдық жұмыс өтілі) = 46 969 теңге негізгі зейнетақы + 14 466 теңге базалық (президенттік) зейнетақы = 61 435 теңге зейнетақы тағайындалады. 15 жыл (жұмыс өтілі) х 12 ай х 104 374 теңге (жалақысы) х 60% : 300 ай (ер адамға қажетті 25 жылдық жұмыс өтілі) = 37 575 теңге негізгі зейнетақы + 14 466 теңге базалық (президенттік) зейнетақы = 52 041 теңге зейнетақы тағайындалады.

Бұл жерден болашақ зейнеткердің 1998 жылдан кейінгі жылдары жұмыс істеп тапқан табысының маңыздылығын байқауға болады.

– Зейнетке шығатын азамат 1998 жылдан кейінгі жұмыс істеген жылдарынан еңбекақысы ең көп үш жылын таңдап еңбек табысы жөніндегі анықтама тапсыра алады, – дейді Жанна Болатқызы. – Бірақ, азамат «мына жылы менде көп, мына жылы аз» деген уәжбен әр жылдардан бір-бір жылды таңдап ала алмайды. Бұл үш жыл қатарынан болуы керек. Мысалы 2014, 2015, 2016 жылдар немесе 2011, 2012, 2013 жылдар дегендей. Сондықтан әр азаматтың еңбек табысы жөніндегі анықтама әкелерде жеті өлшеп, бір кескені жөн.

1-кесте. Базалық зейнетақы төлеу механизмі

Еңбек өтілі

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің үлесі
10 жыл және оған дейін 54%
11 жыл 56%
12 жыл 58%
13 жыл 60%
14 жыл 62%
15 жыл 64%
16 жыл 66%
17 жыл 68%
18 жыл 70%
19 жыл 72%
20 жыл 74%
21 жыл 76%
22 жыл 78%
23 жыл 80%
24 жыл 82%
25 жыл 84%
26 жыл 86%
27 жыл 88%
28 жыл 90%
29 жыл 92%
30 жыл 94%
31 жыл 96%
32 жыл 98%
33 жыл 100%

***

Зейнетақы мен жәрдемақы төлеудегі өзгерістер жайы газетіміздің жиі қозғайтын тақырыптарының бірі екені рас. Оқырман назарынан үнемі түспейтін өзекті мәселе жайына әлі де газетіміздің алдағы сандарында тоқталып, зерделейтін боламыз.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ