Жиырма Назарбаев Зияткерлік мектебі CIS халықаралық аккредитациясын алды

385
көрілім

CIS-тің штаб пәтері Нидерландыдан Нұр-Сұлтанға Петропавл және Қостанай қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Council of International Schools (Халықаралық мектептер кеңесі) аккредитациясын алғаны жөнінде сүйінші хабар жетті. Бұл екі мектеп аккредиттеу процесін аяқтады, енді барлық жиырма Назарбаев Зияткерлік мектебі жоғары білім стандарттарын CIS мойындауымен растады.

Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) – білім саласындағы соңғы жаңалықтар мен жоғарғы стандарттарды одан әрі ілгерілету үшін құрылған әлемдегі ең танымал ұйым. Қазіргі уақытта белді клубқа көптеген мемлекеттердің флагмандық мектептері мен оқу кешендері мүше. Сонымен қатар ұйым аккредиттелген мектеп түлектерін оқытуға мүдделі әлемнің үздік 50 университетімен ынтымақтастық орнатқан.

Әр Зияткерлік мектепте CIS тәуелсіз сарапшылары жеті бағыт бойынша ауқымды сараптама жүргізді: «Мектептің миссия, ұстаным және құндылықтары», «Оқыту мен оқу», «Басқару және көшбасшылық», «Қызметкерлер», «Оқудың қолжетімділігі», «Мектеп мәдениеті», «Ресурстармен қамтамасыз ету».

Ең көп сарапшылар АҚШ, Австралия, Англия, Германия, Ресейден келді. Олардың барлығы мұғалімдердің кәсіби дамуы, оқу процесіне озық әлемдік тәжірибені енгізілуі, әлеуметтік жобалардың сәтті жүзеге асуы, сонымен қатар ата-аналармен ынтымақтастық және мектептердегі достық ахуалды жоғары бағалады.

Тәуелсіз сарапшылар Зияткерлік мектептердегі тіл саясатының маңызын ерекше атап өтті. CIS мектептерін даярлау және бағалау бөлімінің басшысы Ed.Maher Павлодар сапарынан кейін NIS білім беру бағдарламасы оқушылардың үштілділіктің әлемдік көшбасшысы болуына бағытталған деп мойындады.

– Мектепте үш тілде білім алуға тамаша жағдай жасалғаны бізді таңқалдырды. Көптілділік пен мультимәдени дамуды қолдау саясатын Зияткерлік мектептер стратегиясында айқын көруге болады, елдің болашақ көшбасшылары осында білім алуда, – деп мәлімдеді Көкшетауға жасаған сапарынан кейін сарапшылар тобының төрағасы Джеймс Швец.

– Мен кез – келген уақытта адамға көмектесуге дайын, ашық және ақжарқын оқушыларға қызыға қарадым. Біз оқу процесінің ұйымдастырылу деңгейіне және сыныптардың жабдықталуына жоғары баға бердік, – деп атап өтті Тараз мектебінде болған комиссия төрағасы Патрисия Мертин.

Бүгін CIS атқарушы директоры Джейн Ларссон былай деп мәлімдеді:

– 2014 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ өкілдерімен алғашқы кездесуімізде қысқа мерзімде аккредиттеу процесін қаншалықты аяқтай алады деген сияқты көптеген сұрақтар болды, себебі CIS тәжірибесінде бұндай тәжірибе болмаған. Енді артқа қарайлап, Назарбаев Зияткерлік мектептері жобасы халықаралық білім беру саласындағы ең сәтті жобалардың бірі екенін және олар өз мақсатына жеткенін зор мақтанышпен хабарлаймыз: 20 Зияткерлік мектеп CIS халықаралық аккредитациясын алды!

Зияткерлік мектептердің жаңа статусы педагогикалық ұжым мен оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінің әлемдік деңгейдегі элиталық білім беру ұйымына енуі бүкіл ұлттық білім беру үшін маңызды оқиға болды.