Жүрекке жылы лебіздер!

810
көрілім

«Менің өлкем» газетінің шыға бастағанына 8 жыл толды. Осы уақыт ішінде оқырман бізге, біз оқырманға бауыр басып қалғандаймыз. Басылымның бағыты – айқын, ұстанымы – берік. Айрандай ұйып отырған аядай ұжым халық пен билік арасындағы алтын көпір болу мақсатында аянбай тер төгіп келеді. Оқырмандарымыз хат жолдап, газет редакциясына келіп немесе телефон арқылы хабарласып шынайы лебіздерін, жүрекжарды тілектерін айтқанда шабытымыз шарықтап, бақыттың кәусәрін татқандай болатынымыз рас. Газеттің жаңажылдық алғашқы санында соңғы 1-2 жылда бізге білдірген лебіз-тілектеріңізді жариялауды жөн көріп отырмыз.

«Редакция ұжымын Жаңа жылдарымен шын жүректен құттықтаймын! Барлықтарыңызға денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Таралымдарыңыз көбейе берсін. «Менің өлкем» өркендей берсін!»

Айжанат

«Газеттеріңіздің әрбір нөмірін үнемі сатып алып оқып тұрамын. Сіздерге қарапайым халықтың мәселелерін көтеріп жүргендеріңіз үшін рахмет! Жаңа жыл табысты болсын. Биіктерден көріне беріңіздер!»

Күлпәш, Өскемен қаласы

«Біз облыстағы бірқатар басылымдарға жазыламыз. Бірақ әрдайым «Менің өлкем» газетін бірінші болып оқимыз. Газетте жарық көрген мақалалар, көтерілген әлеуметтік мәселелер өте орынды қозғалады. Сол үшін сіздерге алғысымызды білдіре отырып, Жаңа жылда жаңа табыс тілейміз!»

Айдын Байшин, Күршім ауданы

«Менің өлкем» газетінің оқырманы болмасам да газеттеріңізді кездейсоқ көріп қалып, оқып шықтым. Басылымның мазмұны, стилі өте жатық. Мақалаларыңыз қазақтың шұрайлы тілімен жазылған. Алматы қаласында тұрсам да, туған жерім Шығыста осындай қазақ тілді газеттің шығып жатқандығына өз басым қатты қуандым. Қаламдарыңыз мұқалмай, тек алға қарай қадам басыңыздар. Сіздерге ұшқыр ой, талмас талап, шалқар шабыт тілеймін!»

Тәнзилә Ниязбекова, 85 жаста.

 

«Менің өлкем» газетін көптен бері жаздырып аламын. Газетте жарияланған мақалалар көңілімізден шығады. Облыс аумағында болып жатқан өзекті мәселелерді батыл жазатын бірден бір басылым осы. Сіздерге бұл дүниедегі бар жақсылықты тілеймін!»

Жанар, Тарбағатай ауданынан тұрақты оқырман

«Өңір жұртына танымал болып, оқырмандарының сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген «Менің өлкем» газетінің журналистеріне шығармашылық табыс тілеймін.»

Болат Салықбаев, ардагер журналист

«Осыдан 8 жыл бұрын облыс басшысы Бердібек Сапарбаев болып тұрған кезде әрбір орыс тілді газеттің қазақ тілді нұсқасы болуы керек деген талап қойылып, нәтижесінде облыстық «Менің өлкем» газеті жарық көрген болатын. Бастапқыда біреулер үшін «для галочки» ашылған газет уақыт өте келе еңбек, еңбек және тағы да тек еңбектің нәтижесінде облыс көлемінде өзінің оқырманы бар, сұранысқа ие басылымға айналды. Тәуелсіз газет болғандықтан осы уақытқа дейін ешбір адамды мәжбүрлеп жаздыру деген мәселе туындап көрген жоқ. Республикалық, облыстық және аудандық газеттерге жазылып, одан қалған тиын-тебенін «Менің өлкем» газетіне қиып отырған әрбір оқырманымызға және еңбек жолымның іргетасы қаланған, әрбір жетістігімнің баспалдағы болған газет Ұжымына алғыс айтқым келеді.

Облысымыздағы жекеменшік газеттердің ішінде суырылып алға шығуымыз газет директоры Ерболат аға Мұқажановтың арқасы десем, артық айтқандық емес. Егер менен біреу «Сендермен қатар ашылған басқа газеттердің жұмысы не себепті алға баспай жатыр?» деген сұрақ қойса, мен «Өйткені ол газетте Ерболат аға жұмыс істеп жүрген жоқ» деп жауап берер ем. Шығыс өңіріндегі әрбір ауылға барып, әрбір пошташымен арнайы танысып, тікелей жұмыс істеп отырған директорды әлі күнге дейін көрген жоқпын және жақын арада көрем деп те ойламаймын. Ол маған үнемі «Қай мамандық бойынша оқу бітіргенің маңызды емес. Ең бастысы, атқарып жүрген жұмысыңды жақсы көрсең болғаны. Жақсы көріп істеген жұмыс жетістікке жеткізеді» деп айтатын.

Алда газетке қатысты мақсат та, жоспар да көп, сондықтан газет ұжымына мықты денсаулық, айқын мақсат, биік арман тілеймін!»

Зарина (Долатаева) Әбілмәжінова, BAQ.KZ Ақпарат агенттігінің аймақтық желі редакторы

«Алтайдан Арқаға аттанып бара жатып, осынау аядай ұжымда өткізген жылдарыма ой жүгірттім. Ойлап отырсам, ұжымым мені төбесіне көтере білген екен. Қуанышымды бөлісті, еркелігімді көтерді. Бәріміз де басылымның келешегі мен ортақ мүдде үшін еңбектендік.

Редакция қабырғасында жүріп Шығыс Қазақстан өңірінде араламаған жерім қалмаған шығар. Маңызды мақала үшін директорымыз Ерболат аға жер түбіне баруға әзір тұрады ғой. Ол кісінің газетке шексіз берілгендігінен болар, бәріміз де барынша күш-қуатымызды салып бақтық.

Менің ойымша, «Менің өлкем» газеті қазіргі таңда Шығыстағы белді де белгілі ақпарат көзіне айналды. Ұжым шағын шығар. Бірақ ұжымда БІРЛІК атты Ұлы күш бар! Ынталы әрі ынтымағы берік Сіздердің еңбектеріңізге жеміс тілеймін!»

Аян Өрібаев, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі, 2017 жыл

Пай-пай шіркін, отырыс неткен көркем,

Берекесі жарасқан «Менің өлкем».

Алтайдан Арқаға қанат жайған,

Жасай берсін қашанда «Менің өлкем»!

Дидар Оралбекұлы, газеттің бұрынғы тілшісі

Ақ Ертіс ару сынды сырлы әлем,

Өн бойы мәрмәр маржан, сырты көркем.

Шымырлап тереңінен шығатындай,

Шығармашыл бір ұжым «Менің өлкем».

Жұмбағын тереңдіктің кім ұғады,

Жаңалыққа жүгінген жан ұғады.

Жаңа нөмір, оқысаң күбір-күбір,

Жан азығын таяттап жұбанады.

Өңірдің ақпараты «Менің өлкем»,

Өзекті мағлұматы шымыр екен.

Өзгеше үн. Ұнаған оқырманға,

Қылқаламнан төгілген сиқыр ма екен?

«Менің өлкем». Әлбетте сенің өлкең,

Газет емес біреуден міндеті кем.

«Еншілес болғайсың», деп сөз өнерге,

Үндеу тастап көңілімнен кір кетірем!

Уа ағайын!

Айтпағымды мақұлдап ұғар дедім,

Назарды өлке жаққа бұрар дедім.

Қала менен даланың хабаршысы,

Жазылуды сұрар едім, сұрар едім.

Айтқали Садықов, ардагер ұстаз


 

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ