Жүргізуші куәлігін қайта жасату жолдары қандай?

1240
көрілім
Жүргізуші куәлігін қайта жасату жайын білгім келеді. Бірінші кезекте кімге, қайда баруым керек және жүргізуші куәлігін қайтадан жасатуда емтихан тапсыру қажет пе? Осы мәселелерді анықтап берсеңіздер екен.

Қайрат, Көкпекті ауданы

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті жүргізуші куәлігі жоғалған немесе ұрланған жағдайда жасалатын әрекеттер жайлы жаднаманы жолдады.

«Егер сіздің жүргізуші куәлігіңізді біреу ұрлап кетсе, орын алған ұрлық жайында полицияға арыз түсіріңіз. Ол жерде сізге кейін жүргізуші куәлігін қайта жасатуға мүмкіндік беретін анықтама жазып береді. Егер жүргізуші куәлігін жоғалтып алсаңыз сізге мұндай анықтама алудың қажеті жоқ. Жүргізуші куәлігін қайта жасату үшін әкімшілік полицияның тіркеу-емтихан бөлімшесіне барғаныңыз жөн.

Жоғалған жүргізуші куәлігін қайта жасату үшін келесі құжаттар қажет:

1) Жүргізуші куәлігін алуға арнайы толтырылған бланк (өтініш);

2) Жеке куәлік;

3) Мекенжай анықтамасы;

4) Медициналық анықтама немесе оның көшірмесі;

5) Мемлекеттік алым төленгенін растайтын құжат (Жүргізуші куәлігін алу үшін төленетін мемлекеттік алымның көлемі қазіргі уақытта 2 836 теңгені құрайды).

Құжаттарды тапсырғаннан кейін сізге бір ай көлемінде жарамды уақытша жүргізуші куәлігі беріледі. Осы уақыт аяқталғаннан кейін қолыңызға «жоғалған құжатқа айырбасталды» деген белгісі бар жаңа жүргізуші куәлігі табысталады. Ескерту, жоғалған, ұрланған, сондай-ақ жарамсыз болып қалған жүргізуші куәлігін қайта жасатқан кезде емтихан тапсыру міндет емес. Егер жекелеген азамат жүргізуші куәлігін ауыстыру уақытын өткізіп алса жол ережелерін меңгеруі бойынша емтихан тапсыруына тура келеді.