Зоя Новолодская: Бекітілген талаптарды сақтап, дәрігерлер жұмысына кедергі жасамау керекпіз

348
көрілім

Облыс әкімі Даниал Ахметов өткізген онлайн-конференция бойынша өңірге танымал, іскер жандар ойларын ортаға салып, лебіз білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Таңдау, бақыт, еркіндік… 2019 жылы бәрі бірқалыпты еді… сол кезде бас қатырар мәселе деп білген шаруалар қазір оңай болып көрінеді. Бос уақытымызды тиімді жұмсауға тырысып, елеулі еңбектер атқаруға ұмтылдық. Әйтсе де қазір қалжыңдауға уақыт жоқ, қарбалас сәттер, жұрттың көңілі елең-алаң. «Амандық болсыншы» деп тілеулестік танытып келеді. Табиғатымнан жайдары едім, қазір уақыт өткен сайын көңілде алаң пайда болып, жақындарым мен айналамдағы адамдардың амандығын тілеп тұрамын. Болып жатқан жайтқа секемдене қарай бастағаным да рас. Өзімді жақын деген адамдардың өздерінен алшақ ұстауға тырысамын. Өз қалауыммен емес. Солай істеуге мәжбүрміз. Әйтпесе, достарымды құрақ ұшып құшақтағым келеді, театрға барып, сауда орындарын емін-еркін аралағым келеді. Одан бөлек, іссапарға шығып, ойлаған жоспарымды іске асыруға асықпын. Бірақ қорқамын! Кей достарым сырқаттанып, көптеген отандастарымыз ауыр халде. Бір-бірлеріне көңіл айтып, суық хабар жеткізуде. Қазір еңсеңді түсіріп, рухыңды төмендетуге болмайды. Тіпті әлеуметтік желідегі алып-қашпа әңгімелерге де еріп, жағымсыз жаңалықтар оқудан іргемізді аулақ салған жөн. Дұрысы, бекітілген талаптарды сақтап, қажет болса өзіңді-өзің оқшаулап, дәрігерлер мен өңір басшылығының жұмысына кедергі жасамау керекпіз.

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов өткізген онлайн-конференция бойынша айтарым, вирус жұқтырудың көп жағдайы тұрғындардың сақтық шараларын сақтамауынан болып тұр. «Осы дерт шынымен бар ма, жоқ па» деп жүргенімізде аймақ басшысы аудан әкімдерімен тығыз жұмыс істеп, күн-түн демей осы бір дертті ауыздықтауға барын салуда. Алгоритмдер ойластырылып, қалыпты тіршілікке оралу үшін барлық амалдарды қарастыруда. Алдымен өзіміз тәртіпке бағынбасақ жұқпалы індет қалай тоқтайды? Облыс әкімінің «сырқаттанғандар санын азайту үшін осындай шектеу шараларына барып отырмыз» деп ашық айтуы расымен де карантиндік талаптарға бейжай қарамауға шақыруда. Әр ауданда тіркеліп жатқан мәліметтер күнделікті оның жұмыс үстелінде жатады. Тіркелген жағдайларға қарай пәрмен береді. Сонда әкім өңір тұрғындарының алаңсыз өмір сүріп, көңілі соққан жаққа баруларын қаламайды дейсіздер ме? Қауіптің беті қайтпай, қажеттілік туындамаса онда тұрғындардың жүріп тұруларына еркіндік әлдеқашан берілген болар еді. Десе де, қай-қайсымыз болсақ та шыдамдылық шылбырын тарқатпауға тиіспіз, – деді «Силумин-Восток» ЖШС даму бойынша директоры Зоя Новолодская.