110 жыл бұрын Шығыс Қазақстанда қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш дүниеге келген

1205
көрілім

Қазақтың тұңғыш ұшқышы Жақыпбек Малдыбаевтың туғанына биыл 110 толып отыр. Осыған орай, 17 мамыр күні сағат 15:00-де Өскемен қаласындағы Пушкин атындағы облыстық кітапханада қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш, жерлесіміз Жақыпбек Малдыбаевтың туғанына 110 жыл толуына орай еске алу кеші өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жақыпбек Малдыбаев  – көк жүзінде тұңғыш рет із кесіп, бүкіл иісі қазақтың арман мен асқар таудай тілегін асуларға алып ұшқан тұлға. Халқымыздың қастерлі перзенті. Қазақ көгінде жарқырап жұлдыз болып шыға келген ұшқыштың ғұмыры тым қысқа болғанымен, артында өшпестей із қалдырды.

Ұшқыштың немере-інісі Болатбек Малдыбаев атасы жайлы зерттеу жұмысына 25 жылдай өмірін арнаған. «Алтайдан ұшқан ақиық», «Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы» атты кітаптардың авторы, жерлес журналист, жазушы Айтмұхамбет Қасымов пен  Малдыбаев туралы бірнеше мақаланың авторы Оңдасын Елубайдың тартымды әңгімелері кездесуге ерекше сән бермек.

Жақыпбек Малдыбаев (15.5.1907, қазіргі ШҚО Күршім ауданы Шеңгелді ауылы — 8.6.1938, Ташкент маңы) — тұңғыш қазақ ұшқышы. Ауыл мектебінде мұсылманша сауат ашып, алтын кендерінде, ауылдық кеңестерде әр түрлі қызмет атқарған. 1929 жылы әскер қатарына алынып, Түркістан ерекше атты әскер бригадасының 82-полкінде взвод командирінің көмекшісі болды. 1932 жылы наурыздан Біріккен Орта Азия әскери мектебінің кавалерия бөлімшесінде оқыды. 1933 жылы 1 қаңтарда ұшқыштар және ұшқыш бақылаушылар даярлайтын мектепті, онан соң әскери әуе күштері жанындағы арнайы әскери қызмет курсын бітірді. 1934 жылы 24 шілдеде Орта Азия әскери округінің Сталинабад қаласындағы 40-ерекше авиация отрядына аға ұшқыш-бақылаушы және фотоқызмет бастығы болып, 1937 ж. 19 маусымда ұшқыштар звеносы флагштарман қызметіне тағайындалды. Кейбір деректерге қарағанда Малдыбаев 1937 жылы 17 наурыз 1938 жылы 14 қаңтар аралығында Мәскеудегі әскери-әуе академиясының штурмандық бөлімінде оқыған. Хасан көлі маңындағы ұрысқа, Испаниядағы азамата соғысына қатысқан. Ұшақ апатынан қазаға ұшырады. Өскемен және Зайсан қаласында, Күршім мен Марқакөлде көше аттары, Шеңгелді ауылындағы мектеп Малдыбаев есімімен аталады.

Барлық сұрақтар бойынша мына нөмірге хабарласуға болады: 26-13-33,

ішкі нөмір 123,

Меруерт Кемешева