22-ші наурызда өскемендіктер үшін Мұрат Мұтұрғановтың циркі өнер көрсетпек

266
көрілім
Фото:nur.kz сайтынан

Наурыз мерекесінде қаланың орталық алаңында қызықты қойылымдар өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алаңға цирк шатыры орнатылады. Мұрат Мұтұрғанов 16 жасында әлемдегі ең жас сайқымазақ ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол ұзақ уақыт бойы қазақ циркінің аренасында жүріп, кейін өзінің заманауи шоуын ұйымдастырған. Әкесінің жолын қуып, қазіргі уақытта Кәрім Мұтұрғановпен бірге жұмыс істейді. Олар балаларды цирк өнеріне баулып қана қоймай, бүкіл Қазақстанды аралап өнер көрсетеді.
- Біздегі ерекшелік сол, жануарларды қолға үйретіп, оларды көрсетпейміз. Мұндай цирке қарсы емеспін, тағыларды үйретіп, жаттықтыратын достарым бар. Дегенмен жануарлардың еркінен тыс, мәжбүрлі түрде жасайтын жаттығуларға қарсымын. Олармен арнайы айналысатындар бар, әдетте мұндай өнер ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Цирк деген ұғымды ерекше талант пен үлкен энергияны қажет ететін саланың бір түрі деп есептеймін. Біздің жобамызға келсек, елімізде циркі жоқ қалаларға келіп өнер көрсетеміз. Цирк көрмеген балалар көп, сондықтан оларға жақсы көңіл күй сыйлап, осы өнерге қызығатындай жағдай жасаймыз, - дейді әртіс.
Цирк сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін  қойылым болады, кіру тегін.