Абай ауданының тумасы Мейіржан Алтыбаев «Әзіл әлемі» театрына қалай келді?

1641
көрілім

Көпті күлкіге қарық қылатын «Әзіл әлемі» театрын білмейтін қазақ жоқ шығар. Тұрсынбек Қабатов бастаған сүйікті әзілкештердің әр бағдарламасын сағына, сарыла күтетін жанкүйерлер де жетерлік. Тек таланттылар топтасқан театрда шырайлы Шығыстан шыққан Мейіржан Алтыбаевтың өнер көрсетіп жүргеніне 3 жылдан асқан. Жуықта жерлесімізбен жүздесіп, емен-жарқын сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Әңгімеміздің әлқиссасын туып-өскен жеріңізден бастасақ?

– Абай ауданы Кеңгірбай би ауылында 1991 жылдың 1-ші шілдесінде дүниеге келдім. Туған жердің топырағы қашанда ыстық қой. Қазір қай қалада жүрсек те кіндік қаным тамған жерді аңсап тұрамын. Әке-шешем қарапайым еңбек адамдары. Ауылымыздағы Шәкәрім атындағы орта мектепте 9 сыныпты тәмәмдап, Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжге оқуға түстім. Осы жерде курстас достарыммен бірге алғаш рет «Жайдарман» сахнасына шықтық. Сөйтіп өнерге бет бұрдым десе де болады.

«Жайдарман» демекші, сізді көпшілік 2016 жылдың Жоғары лига чемпионы Аягөз құрамасының капитаны ретінде таныды. Бірінші рет КВН ойнаған командаңыз есіңізде ме?

– «Ұлағатты ұстаздар» атты команда құрып колледж атынан Өскемен қаласында өнер көрсеттік. Әуел баста әрине, қобалжу болды. Бірақ күндіз-түні тынымсыз дайындалып, жақсы ойнап шықтық. Маусымашарда магнитофон ұтып алып, жерден жеті қоян тапқандай қуанғанымыз әлі есімде. Бірақ қарнымыз аш, тамақ алайық десек ақшамыз жоқ. Магнитофонды асханаға өткіздік те, ішімізге алаңсыз ел қондырдық (күлді). Осылайша өнер арқылы тан табуға болатынын түсіндім.

Шығыс Қазақстандағы Жайдарман мектебі – Семей қаласында деп білемін. Әрдайым қолдау білдірген ағаларымыздың арқасында күн сайын шыңдалып, сахнаға бейімделе түстік. Демеушілік танытқан педагогикалық колледж директоры бізге жол шығындарымызды төлеп, киімдерімізді тіктіріп, сабақтарымызды да икемдеп берді. Құдайға шүкір, облыстық ойындардан өтіп, республикалық деңгейге де шықтық. Халықты күлдіретін әзіл жазу үшін ойымызды онға, ақылымызды алтыға бөліп жан-жақты ізденетінбіз. Арнайы орта оқу орнын тәмәмдағаннан кейін Шәкәрім университетіне алғашқы әскери дайындық және спорт факультетіне оқуға қабылдандым.

Мейіржан анасымен

Аягөз құрамасын сол университетте жүргенде құрдыңыздар ма?

– Негізі бұл команда бұрыннан бері бар. Құрамына кілең Аягөздің жігіттері жиналып Шығыс аймақтық лигасында ойнады. Мен жоғары оқу орнында «Серілер» командасының сапында Алматы қаласындағы республикалық премьер лигада өнер көрсетіп жүрдім. Алғашқы маусымда 4-ші орынды иелендік. Оқу жылы аяқталғанда командамыздың бірнеше мүшесі қолына диплом алды. 2-ші курсқа ауысқан мен «Жайдарманды» тастамай, өзім жақсы танитын достарым – «Аягөз құрамасындағы» жігіттермен бірігіп, Астана қаласындағы маусымашарға баруға бел байладым. Сөйтіп 2014 жылы командамызға премьер лигаға жолдама берілді. Бір жыл көлемінде халықты қытықтамай күлдіретін әр түрлі әзілдер, көріністер жазып еңбектендік. Әділ қазылар алқасының шешімімен сайыс қорытындысы бойынша 3-ші орынға жайғастық. Бұл біздің ең бірінші жеткен үлкен жетістігіміз болды.

Келесі жылы республикалық Жоғары лигаға көтерілдік. Кез келген жайдарманшының осы лигаға шыққысы келетіндігі сөзсіз. Әр ойынды Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен жүргізіп, «Qazaqstan» ұлттық арнасы арқылы көрсетіледі. Кіл мықты командалардың арасынан топ жару үшін тынымсыз дайындалдық. Алайда сәл ұпай ғана жетпей 2-ші орын алдық. Бірақ сағымыз сынбай келесі маусымда да өнер көрсеттік. Аллаға шүкір, 2016 жылы бағымыз жанып 1-ші орынды иелендік. Қуанышымызда шек болмады.

«Әзіл әлемі» театрына қалай келдіңіз?

– Жоғары лиганың чемпионы атанғаннан кейін өз болашағымды тек өнер саласында елестеттім. Тұрсынбек Қабатовтың «Көңілашар» бағдарламасына еліміздің түкпір-түкпірінде кастинг өткізіліп жатқанын естідім. Осындай мүмкіндікті қалт жібермес үшін Семей қаласында өткен кастингке бардым. Үміт еткен 15 адамның бесеуіне келесі турға жолдама берілді. Олардың арасында мен де болдым.

Астана қаласындағы тележобаға 60-тан астам әзілкеш қатысты. Өзіміздің дайындап келген әзілдерімізді жалғыз шығып, монолог ретінде айтуымыз керек. Осы додада финалға жолдама алдым. Ақтық мәреге жеткен төртеудің үшеуі – Оңтүстік Қазақстанның жігіттері. Барымды салып бақ сынасып қазылар алқасының ұйғарымымен «Көңілашардың» жеңімпазы атандым. Бір сөзбен айтқанда, 2016 жыл – мен үшін жемісті болды.

Бағдарлама аяқталған соң Тұрсынбек аға «Әзіл әлемі» театрына шақырды. Бірақ 1 жыл тәжірибеден өтетіндігімді түсіндірді. Менен бөлек тағы 3 адам сынақ мерзімінде болды. Осы уақыт ішінде театр актерлерімен бірге концерттерге барып, сахнаға шығып жүрдік. Бір күні Тұрсынбек аға мені шақырып, театрға қабылдайтындығын айтты. Қазір «Әзіл әлемінің» ең жас актерімін.

Мейіржан Қанат Әлжапбаров және Нұрлан Еспановпен

Театр актерлерінің арасында кіммен жақын араласасыз?

– Бәрімен жақсы қарым-қатынастамын. Үнемі жанашырлық танытып, сахнада кемшін кеткен тұстарым болса, ескертіп, ақылдарын айтып жүретін ағаларымды қатты құрметтеймін. Оның ішінде Қанат Әлжаппаровпен әңгімеміз ерекше жарасқан. Бәлкім, екеуіміз де ауылдан шыққаннан кейін бе, әйтеуір бір-бірімізді жақсы түсінісеміз.

Әзіл-оспақты өзіңіз жазасыз ба?

– Иә. Бірақ «Аягөз құрамасындағы» достарым кей кездері көмек көрсетіп отырады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, бәріміз ақылдасып сапалы әзіл дайындауға тырысамыз. Сол үшін достарыма алғысым шексіз!

Монолог арқылы патша көңіл көрерменге қандай да бір ой салуды мақсат етесіз бе?

– Тұрсынбек аға бізге: «халық театрымызға күлу үшін келеді. Сондықтан оларды күлдіруіміз керек. Ал халықтың мұң-мұқтажын ақындар айтсын» дейді. Бірақ монологтарымызда көптің көкейіне ой салуды да көздейміз. Саяси әзілдерді де қосатын сәттеріміз болады.

Гастрольдік сапарға жылына неше рет шығасыздар?

– Жылына екі рет – көктем мен күзде шығамыз. Театрға кіргелі бері елімізде бармаған елді мекен қалмаған шығар. Тағы бір айта кететіні, әр өңірдің менталитеті әр түрлі. Мысалы астаналықтарды күлдірткен әзіл Өскеменде өтпей қалуы мүмкін. Өнер көрсететін аймақ жайлы ақпарат жинап алып, соған қарай әзілдердің мазмұнын да бейімдейміз.

Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз…

– Үйленгеніме жарты жыл болды. Құдай қосқан қосағым Ақерке Жарма ауданы, Қалбатау ауылының тумасы. Тойда танысып бірден әңгімеміз жарасып кетті. Психолог болып жұмыс істейді. Жүйке-жүйемді тексертіп отыру үшін әдейі үйлендім (күлді).

Той-бизнеске шығып жүрсіз бе?

– «Той – тәңірдің қазынасы» дейді ғой. Шақырған жерден қалмауға тырысамын. Асаба ретінде екі жастың қуанышын бөлісу де бір бақыт қой. Аллаға шүкір, хабарласып ұсыныс жасайтындар аз емес. Кейде тіпті бір айда 32 той жүргізіп кетеміз. Ең бастысы, театр жұмысына бөгет келтірмесе болды. Көбінесе Алматы, Астана, Павлодар, Өскемен, Семей қалаларына шақырып жатады. Қатып қалған баға жоқ. Той иесінің жағдайына қараймыз. Кейде тегін жүргізетін кездер де болады.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, біз білмейтін тағы қандай қырларыңыз бар?

– Мектеп қабырғасында жүргенде спортқа бейім болдым. Қазақша күреске қатысып, 46 келі салмақта облыстық деңгейде өткен чемпионат жеңімпазы болдым. Одан бөлек, футбол ойнағанды ұнатамын.

Болашаққа жоспарларыңыз қандай?

– Кейде киноға түсуге ұсыныстар болып жатады. Бірақ қазіргі уақытта оның сәті түспей жатыр. Алдағы уақытта кино жанрында өзімді сынап көргім келеді. «Әзіл әлемі» театры арқылы жеке концертімді берсем бе деймін. Айта берсе болашаққа жоспар көп. Бауыржан Момышұлы атамыздың «мақсатыңа жетпей, досың мен дұшпаныңа сыр білдірме» деген нақыл сөзі бар. «Сабақты ине – сәтімен» деген сол ғой.

Сұхбатыңызға рахмет! Өнеріңіз өрге жүзсін!

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ