Алик Шпекбаев: «Бар жағдай жасалған екен, ендеше іске сәт»

547
көрілім

Өскеменде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ANTIKOR ORTALYGY ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгін орталықтың ашылуын айғақтайтын лента қию рәсімі өтті. Аталған мекеменің ашылуына ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қатысты. Лента қиылғаннан кейін ШҚО бойынша ҚР жемқорлыққа қарсы күрес департаменті агенттігінің басшысы Ерлан Жалмағамбет бірінші қабаттағы фронт-кеңселердің жұмыс барысымен таныстырды. Қызығы сол, орталыққа кез келген ерікті кірген бойда Ерлан Нағашбайұлының дауысы қойылған голограмманы көреді. Заманауи құрылғы автоматты түрде іске қосылып, өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес жайында мағлұмат беріп, сервистік орталықтың жұмысына қысқаша тоқталады. Әрі қарай қабылдау бөлімінен талон алып, департамент басшысының қабылдауына жазылады. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық туралы ақыл-кеңестер алуға мүмкіндік бар.

Алик Шпекбаев «Бизнес пен инвестицияларды қорғау» фронт-офисіне өтініш беру және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша кеңес беру кеңселеріне де бас сұғып, қандай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгендігіне жіті мән берді. Көрді де көңілі жайланғандай. Десе де жұмыстың тоқтап қалмауын баса айтты.

 – Жеткілікті мөлшерде қаржы бөлініп, жұмыстың барлығы талғаммен жүзеге асырылыпты. Әр құрылғы су жаңа екен. Бар жағдай жасалған, ендеше іске сәт. Алайда ертең мен кеткеннен кейін бұл орталық жұмысын тоқтатып жүрмесін. Қазір уақытша дүниелер көп қой, – деді Алик Жатқамбайұлы. 

Жауапты тұлғалар, келген қонақтар, қысқасы қалың нөпір екінші қабатқа көтерілді. Орталықтың ашылуы жиынға ұласып, департамент агенттігінің басшысы өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты тіркелген қылмыстар санын, оған карсы жүргізілген күрес нәтижелерін тілге тиек етті. Оқылған бірнеше баяндамадан соң бірқатар лауазымды тұлғалардың мүлги бастағандары байқалды. Дегенмен шара аяқталуға жақындағанда, яғни қоғам белсенділеріне Алғыс хаттар табыс етер кезде жаңағы жауапты тұлғаларда жинақылық байқалды. Одан бөлек, аталмыш департамент агенттігінің бес қызметкеріне пәтер кілті табысталды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ