Алмат Кебіспаев Азия чемпионатының финалына шықты

2617
көрілім
Шартты фотосурет

Үржар ауданының тумасы жартылай финалда қырғыз палуанын ұтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында небір тартысты белдесулер өрбуде. Грек-рим күресінің шеберлері жарыс қожайыны ретінде лайықты белдесулер көрсетіп, тіпті сенсация да тіркелді. Сенсация дейтініміз, Жамбыл облысының тумасы Сұлтан Әсетұлы 63 келіге дейінгі салмақта 20 жылдан бері бұйырмай жүрген Азия чемпионатының алтынына ие болды! Шешуші сында 2020 жылы өткен құрлықтық чемпионаттың кіші финалында семейлік Ернар Фидахметовтың жолын бөгеген Мейсам Далханимен жолықты. Сұлтан сайыстың ең жас қатысушыларының бірі. Жасы 19-да. Бапкерлік құрам осы салмаққа жастар санатынан ересектер қатарына енді-енді ауыса бастаған спортшыны қоюды жөн көрген екен. Шешуші сынға дейін әр белдесуін айқын басымдықпен аяқтап, финалда да бағзыдан қазақтың сүйіп орындайтын әдістерінің бірі жамбасты айна-қатесіз орындап шықты. 4:3 болып, есепте алға шыққан Сұлтан бірден 4 ұпайға бағаланған жамбас әдісін жасап, әрі қарай Далханиді қапсыра ұстаған күйі белдесуді таза жеңіспен аяқтады.
 Ал жерлестерімізден 67 келіге дейінгі салмақта бүгін Алмат Кебіспаев бозкілемге беттеді. Үржар ауданының тумасы Токио Олимпиадасында өнер көрсетпесе де, бүгінгі аламанда айдарынан жел есіп тұр. Финалға шықты! Алдымен Өзбекстан  елінің өкілі Мирзобек Рахматовты 8:3 есебімен тізе бүктірсе, ширек финалда Оңтүстік Корея елінің үздігі Дохенг Кимге еш мүмкіндік қалдырмай, кездесуді 10:0-ге жеткізді. Ал жартылай финалда қырғыз палуаны Амантұр Исмаиловты қапы қалдырды. Есеп 4:1. Финалдық белдесуде жерлесіміздің жолы жапон спортшысы Цучика Шимоямадамен түйіспек.