Амал мерекесінің маңызы қандай?

89
көрілім
Фотосурет Baq.kz сайтынан

14 наурыз – Көрісу күні. Мерекелік онкүндік Амал мерекесінен басталады және бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Амал мерекесінің мәні Наурызбен біте қайнасқан, себебі ол – Наурыздың алғашқы хабаршысы. Бұл күн – Табиғат-Ананың, Жер-Ананың, жалпы тіршілік атаулының көктемгі жаңаруы мен оянуының бейнесі. Қазақстан халқы үшін Амал дәстүрі отбасыдағы жылылық пен татулықпен тығыз байланысты. Жас кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем береді, Жаңа жылда ақсақалдардан бата сұрайды. Бұл дәстүр қазақстандық менталитеттің ажырамас бір бөлігі, туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңның көптен күткен кездесуін білдіреді. Бұл күні адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, ескі өкпе-реніштерден арылуы қажет деп саналады.
Бұл күн барлық реніштерді ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсетуге шақырады. Бұл орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Амал» біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміздің көрінісі екенін айтып жүр.
«Амал мерекесін» бүкіл республика деңгейінде атап өту бірлігіміз бен ынтымақтастығымызды нығайта түсуге сеп болады. Бұл мереке бәріміздің үлкен бір отбасы екенімізді, бұл отбасының ынтымағы игі дәстүрлер мен жалпыға ортақ құндылықтар арқылы арта түсетінін көрсетеді. Бұған қоса, бұл – жеке бастың реніш-қайғысын ұмытып, алға жаңа үлкен мақсат қойып, нақты жоспарлар құрып, баршаға ортақ игі шешімдер қабылдайтын тамаша кезең.
Осылайша, бұл дәстүр кешірім мен өзара құрмет арқылы халықтың бірлігін – азаматтардың бір-біріне жақындығын, ортақ мақсат жолында бірігуін білдіреді.
14 наурыздан бастап «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады, оның барысында жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер қарастырылады. Мереке күндері тұрғындар туыс-туғандарын аралап, студенттер мерекені өз жақындарымен бірге қарсы алу үшін ауылдарына барып, жақын-жұрағат қарашаңырақта бас қосады.
Сондықтан «Амалдың» әрбір сәті шаттық пен қуанышқа, мейірім мен жанашырлыққа толы болары сөзсіз. Бұл дәстүр ел жаңаруының жаршысы ретінде, табалдырықтан аттағалы тұрған Ұлу жылын зор үмітпен және нық сеніммен бастауға жақсы себеп болады.