Автобекетте террористер жүр: Өскеменде мас әйел полицияға жалған хабар берген

287
көрілім

Өскемен қаласында мас әйел полицияға хабарласып, автобекетте террористер жүргендігі жайлы жалған хабар берді, деп хабарлайды Buqara.kz.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 4 қаңтарда полицияға қоңырау шалған әйел қаладағы автобекетте террористер 15 адамды кепілде ұстап отырғанын айтқан.

«Полиция қызметкерлері дереу сол жерге барған. Тексеруден кейін шақыртқан адам сөзінің жалған екені анықталды. Орынсыз әзілдеген 59 жастағы қала тұрғыны мас күйде болып шықты», — делінген ақпаратта.

Енді ол ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы 1-бөлігі (мамандандырылған қызметтерді көрінеу жалған шақыру) бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

Осы ретте полиция департаменті қоғамдық резонанс пен ықтимал салдарларды ескере отырып, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ҚР ҚК 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама) бойынша қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеді. 

Оның санкциясына сәйкес 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.