Аягөз қаласының тұрғындары қоқыстың уақтылы шығарылмауына наразы

1535
көрілім
Шартты фотосурет

Бір қаланың бірнеше мәселесі биыл қаншалықты шешімін таппақ? Уақтылы шығарылмайтын қоқыстар, талай жылдан бері жөндеу көрмеген жолдар аягөздіктердің ашу шақырып, ауыз толтырып айтар мәселесіне айналғанына талай жылдың жүзі болған. Бұл жолы қала ішінде кестеге сәйкес шығарылмай келе жатқан күл-қоқыс жайлы. Дегенмен аудан басшылығы барлығы да кестеге сай іске асырылып жатқанын алға тартты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Ала жаздай жататын сияқты»

Ұзын-саны 38000 мыңнан асып жығылатын Аягөзде кез келген адамның әр уақытта әкеліп төгетін қоқыстарын дер кезінде шығарып отыру біршама уақытты сарп еткізетіндігі белгілі. Тіпті соған жауапты техникалар да ол жұмысты лезде біржақты ете алмаулары мүмкін. Десе де кей тұрғындар үйлерінің маңындағы қоқыс үйінділерінің жылдап шығарылмай жатқандығына бек наразы. Әсіресе Қабанбай батыр, Мәмбетова көшелерінде кесте тұрмақ, тұрғындар өздері өтініш білдіргеннің өзінде еленбей келеді.

– Қоқыс жәшігі үнемі лық толы. Осылай ала жаздай жататын сияқты. Коммуналдық қызмет төлемдерін төлеп келеміз, алайда соған сай жұмыс барысын байқаған емеспіз, – дейді Алмагүл Мұстафина (аты-жөні өзгертілген).

Алайда аудан әкімдігіндегілер кей үйлердің ауласындағы қоқыстың кестеге сай шығарылмауын басқаша түсіндірді. Қазір қала тазалығын реттеп, негізгі жұмысты атқаратын үш мекеме бар: «BAQ Aliance», «Арғанат» және «Ayagoz Tartip». Солардың күш салуымен қоқыс төгуге арналған 45 орын аптасына бір рет тазартылып, күл-қоқыс шығару кестеге сай жүзеге асырылуда. Ал жалпы қала бойынша 53 қоқыс алаңы бар болса, соның сегізі жиі толып, тіпті аптасына екі реттен тазартылуда. Сонда неліктен барлық көшелер қамтылмай жатады?

Келісімшартқа отырулары қажет

– Қаладағы 12533 отбасының күл-қоқыс шығару үшін келісімшарт жасағандары – 3366 отбасы. Бұл дегеніміз 8456 тұрғын. Жалпы қаладағы 38365 тұрғынның 22 пайызы ғана тиісті келісімшартқа отырған. Олардың арасында қоқысты қалай болса солай лақтыра салатындар да кездеседі. Пештен шыққан күлді ыдырсытып төгетіндер де бар, – дейді аудан әкімінің орынбасары Медет Мырзыкешов.

Жауапты тұлға қоқыс жәшіктеріне сұйық заттар төгетін тұрғындар барын да алға тартты. Тіпті жақындап келіп төгудің орнына көліктерімен жол жиегіне дейін келіп, белгіленбеген орындарға қоқысты тастап кететіндер де бар көрінеді. Демек мәселенің ушыға түсуі тазалық ережесін сақтамайтын тұрғындардан да болып тұр. Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, қоқыстың уақтылы шығарылуы үшін өтініш-шағым білдірген аягөздіктер алдымен тиісті келісімшартқа отырулары қажет.

– Жағдайды бақылауға алу үшін аудан әкімі аппараты мен учаскелік полиция инспекторлары осыған дейін бірнеше рет рейд жүргізді. Қаңтар айынан бастап учаскелік полиция қызметкерлері мен қала әкімі аппараты мамандарымен ұйымдастырылған тазалық рейдтері нәтижесінде ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 434 бабына сәйкес ұсақ бұзақылық бойынша 356 хаттама толтырылып, 2359390 теңгеге айыппұл салынды – деді Медет Мырзыкешов ереже бұзғандарды тілге тиек етіп.

Бұдан бөлек, аталған кодекстің 505-бабына сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтарды көшеге шығару бойынша 31 адамға ескерту жасалған.

Әділхан ЕСІМХАНОВ