Аяулы арулар ардақталды

409
көрілім
Фотосуретті түсірген автор

Жыл құсындай көктемнің жылы лебімен қатар келген 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ШҚО Драма театрында дәстүрге айналған марапаттау рәсімі болып өтті. Шара барысында облыс әкімінің міндетін атқарушы Әсем Нүсіпова өңіріміздің нәзік жандыларын мерекелерімен құттықтап, облыстың дамуына сүбелі үлес қосқан әйел адамдарға Алғыс хат табыстады. Салтанатты кештің соңы концертке ұласып, көңілдеріне шуақ шашылған әйелдер қауымы әсем әннен құлақ құрыштарын қандырды.

Әйелсіз үй – сусыз диірмен. Әйел – үйдің қазығы. Әр шаңырақтың ұйтқысы болып отырған әйел-аналарды құрметтеп, көзіміздің қарашығындай қастерлеу баршамыздың қасиетті борышымыз. Бүгінде әйел отбасының түтінін түтетіп, бала тәрбиелеп қана қоймай, маңызды мемлекеттік лауазымдарда тер төгіп, еліміздің даму жолында елеулі еңбек етуде. Сандарды сөйлетсек, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 730 мың әйел адам бар. Бұл жалпы халық санының 52,5%-ын құрайды.

– Өңіріміздегі нәзік жандылардың 60%-ынан астамы экономикалық белсенді, – деп хабарлайды ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметі, – Облыстағы басшы лауазымдарының 40%-ында әйел адамдар. Әлеуметтік салалардың басым бөлігінде де қыз-келіншектердің үлесі жоғары.

Аймақ бойынша 24 710 педагог әйел ел болашағын ту еткен оқушылар мен студенттерді білім нәрімен сусындатуда. Медицина қызметкерлерінің 90%-ын нәзік жандылар құрайды. Сондай-ақ, мәдениет саласында 2 мыңнан астам әйел адам қызмет етіп келеді.

Көктем мерекесімен құттықтады

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ШҚО Драма театрында жыл сайын ұйымдастырылатын салтанатты жиналыс биыл да өз жалғасын тапты. Шараның шымылдығын ШҚО әкімінің міндетін атқарушы Әсем Нүсіпова өзінің құттықтау сөзімен ашты:

– Аяулы аналар мен қымбатты ханымдар! Сіздерді ең шуақты және қастерлі сезімге толы – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – адамзат жүрегіне жылылық ұялатып, жанына шапағат сыйлайтын ауқымы кең, мазмұны терең мейрам. Әйел – өмір тірегі ғана емес, әйел өмірдің өзі – бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліне тұтқа, ұрпаққа пана болған әйел-аналарға арнаған жүрекжарды сөзі. Әйел-ана – тіршілік шырайы, береке мен бірлік шырағы, ырыс пен ынтымақтың тұрағы. Еліміздің стратегиялық міндеттерін орындауға, барлық тарихи жеңістер мен табыстарға, зор үлес қосып отырған белсенді қоғам мүшесі. Мен сіздердің қоғамдық келісім мен татулықты нығайту жолында қажырлы еңбектеріңіз үшін зор алғыс білдіремін. Мерейлі мереке сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, көктем күніндей көтеріңкі көңіл күй сыйласын!

Алғыс хаттармен мадақталды

Салтанатты жиналыс барысында өңірдің дамуына үлес қосқан әйел адамдар марапатталды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің Алғыс хатына – Семей қаласы Ф.М. Достоевский атындағы үй-музейінің директоры Татьяна Автушко, Семей қаласындағы «Отбасы орталығы» АҚ директоры Людмила Асташкина, «Аумақтық онкологиялық диспансер» КММ бөлім меңгерушісі Татьяна Белихина, «Айша Бибі» ұлттық мәдени орталығының басшысы Айман Боқбасарова, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Айнаш Ескенқызы, «Балалар ауылы» ҚММ ана-тәрбиешісі Гаухария Жұмағалиева, ШҚО Прокурорының аға көмекшісі Мағираш Заинова, «Бақытты отбасы институты» АҚ директоры Ольга Иванова, облыстық «Алтай» телеарнасының шеф-редакторы Мадина Карибаева, «Устинка» газетінің бас редакторы Вера Кисленкова, «Шығыс Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» төрағасы Юлия Кунст, Ана мен бала орталығы перзентхана бөлімінің меңгерушісі Марина Маркашова, «Алтын-ай» АҚ басшысы Магиза Мирвазеддинова, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкері Гаухар Нұралғазинова, ШҚО Өлкетану мұражайының директоры Светлана Нургазиева, ардагер журналист Ғафура Сәрсенбайқызы, Семей қаласындағы Ф.М. Достоевский атындағы үй-мүзейі мұражай қорларының бас сақтаушысы Татьяна Титаева, «Экокелісім» АҚ төрағасы Татьяна Чернышова және облыстық Қан орталығы директорының орынбасары Светлана Шмурыгина ие болды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ