Cемейде санитарлық талаптарды сақтамаған 15 дәмхана жабылды

1367
көрілім
Шартты фотосурет

Семейде қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық талаптардың сақталуын тексеру мақсатында кезекті рейд жүргізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қалалық Ақпарат орталығының мәліметінше, рейдке кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері, СЭС өкілдері, және полицейлер қатысқан. Шара барысында жалпы саны 23 нысан тексерілді.

– Орталық базар аумағындағы мейрамханада маска режимі сақталмаған, даяшылар қолғап кимей жұмыс істеген және қызметкерлердің дене қызуын өлшейтін термометр болмаған. Осындай олқылыққа жол берген кәсіп иесінің жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ Ертіс жағалауында орналасқан дәмхана да жабылды. Онда бір үстел басында 6-дан астам адам жиналып отырған. Дәл осындай кемшіліктер анықталған орталық саябақ, Жеңіс саябағы, ШҚ АЭҚ, және Восточный кентіндегі дәмханалар жабылған. Бұл нысандар барлық заңбұзушылықтарды жойғаннан кейін өз жұмысын қайта жалғастыра алады, - делінген хабарламада.

Десе де өз келушілеріне қамқорлық жасап, барлық қажетті санитарлық нормаларды сақтаған тамақтану орындары да жоқ емес. Рейд жұмыстары алдағы уақытты да жалғасын таппақ.