Данияр Қайсанов алғашқы белдесуін жапон палуанына қарсы өткізеді

1730
көрілім

Бүгін 74 келіге дейінгі салмақтың жеребесі тартылып, палуандар алғашқы іріктеу сынындағы қарсыластарымен таныс болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сонымен спортшылар екі топқа бөлінді. Мамандар «өлім тобы» деп бекітті біреуін. Кімдер бар дейсіздер ғой? Екі дүркін Әлем, төрт дүркін Еуропа чемпионы италиялық Франк Чамизо, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Автандил Кенчадзе (Грузия), екі дүркін Әлем чемпионы Кайл Дэйк (АҚШ), Еуропа чемпионы Магомедхабиб Кадимагомедов (Беларусь) және тағы бірнеше спортшы.

Ал жерлесіміз Данияр Қайсанов құрамында екі дүркін Әлем чемпионы ресейлік Заурбек Сидаков, екі дүркін Азия ойындарында атой салған Бекзод Абдурахмонов (Өзбекстан), одан бөлек, Пуэрто-Рико, Польша және жарыс қожайыны жапон спортшысы бар екінші топқа түсті.

Белгілі болғандай, көкпектілік палуан бірінші айналымда сайыс қожайыны Кейсуке Отогуромен шеберлік байқасады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ