Данияр Қайсанов пен Джордан Барроуздың белдесуі қалай өтті?

619
көрілім

Жуырда ғана Италияның астанасы Римде дәстүрлі «Маттео Пелликоне» рейтингілік турнирі өтті. Ел құрамасы айтарлықтай сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соқыр жеребе салған жерден солтүстікқазақстандық Нұрғожа Қайпанов пен жерлесіміз, Көкпекті ауданының тумасы Данияр Қайсановты жетістіктері бір басына жетіп артылатын тісқаққан палуандармен жолықтырды. Нұрғожа Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, екі дүркін Әлем чемпионы Франк Чамизомен, Данияр Олимпиада чемпионы, төрт дүркін Әлем чемпионы Джордан Барроузбен шеберлік байқасты. Бірқатар күрес мамандары мен жанкүйерлердің басым бөлігі кімдердің жеңімпаз атанатындығын жеребе рәсімінен соң бірден кесіп айта бастады. Әлбетте, қазақстандық палуандарды тосын сый жасайды деп ешкім топшыламады. Данияр да, Нұрғожа да аталған спортшылармен бұрын-соңды жолықпаған. Бір есептен, Олимпиада ойындары алдында әлемдік рейтингінің көшін бастап тұрған спортшылармен жолығу екі палуан үшін де тәжірибе еді. Сонымен алғашқы айналым басталды. Қайсанов қаймыпқай күресті. Аяққа өтуде алдына жан салмайтын АҚШ спортшысы алғашқы кезеңде Даниярға бәлендей қауіп төндіре қоймады.

Тіпті шығысқазақстандық палуан да сәті түссе артына шығып, ұпай алып қалудың әдісін іздеп бақты. Әсіресе кездесудің тура бір минуты өткенде Барроуз аяққа өтуге талпынғанда қорғанысқа жатып, іле-шала қарсы әдіске көшкені түбі бір ұпай аларына назар аудартқандай еді. Дегенмен олай болмады. Алғашқы кезең 2:0 есебімен Джорданның пайдасына шешілді. Екінші кезеңде төреші сылбырлығы үшін АҚШ палуанының есебіне тағы бір ұпай қосты. Даниярдың қорғаныста жүріп қарсыласын аяққа өткізбеуі, алдын ала күресу әдісін талдап, Барроуздың осал тұсын іздеуде жүйелі жоспар құрылғандығын байқатты. Белдесу аяқталуға 1:08 уақыт қалғанда жерлесіміз амалын тауып, Олимпиада чемпионының артына шыққан еді. Осы кезде Данияр бапкеріне қарап: «Қане, лақтырыңызшы» деп төреші шешіміне келіспеушілік білдіретін қорапшаны ортаға тастауға ишарат білдірді. Рим бозкелімде Барроузға бұра тартудың алғашқы нышаны байқалғандай болды. Бұл уақытта шығысқазақстандық палуанның тарапы көк қорапшаны лақтырып, жасалған әдістің анық-қанығына бойлауды жөн көрді. Аз-кем кеңесе келе бір ұпай тағы да қарсылас еншісіне жазылды. Әрі қарай белдесу барысы мен қарқынында еш өзгеріс болмады. Қорытынды есеп 5:0, Барроуз басым түсті.
Бұдан соң шешуші сында АҚШ палуаны мен Франк Чамизо жолықты. Соған сәйкес Данияр қола медаль үшін белдесу мүмкіндігіне ие болып, кіші финалда үнді спортшысы Ядав Нарсингтен айласын асырды. Ал Қайпанов Пуэрто-Риконың үздігі Франклин Гомес Матошты айқын ұтты. Осылайша бір салмақта қоржынға қос қола медаль түсті. Чамизо чемпион, Барроуз күміс жүлдегер, ал Қайпанов пен Қайсанов турнирде қола медаль иеленді.