Дәстүрлі донорлық акция өтті

451
көрілім
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығында «Women`s day» атты ұранмен дәстүрлі донорлық акциясы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 
 
Аталған шараның мақсаты – көпшілікке донор болудың маңызын насихаттап, тұрақты түрде қан мен оның компоненттерін тапсыратын әйелдер қауымына медициналық орталық атынан алғыс білдіру.
 
Қан орталығының халықты донорлыққа үгіттеу жөніндегі маманы Мира Мустафинаның сөзінше, таңертеңнен бастап қан тапсыруға келушілер көп. Тек әйелдер емес, ер азаматтар да бұл күні ерекше белсенділік танытуда.
- Бүгін облыстық қан орталығының қызметкерлері барлық донорларды мерекелік көңіл-күймен қарсы алды. Бірінші қабатта қонақтарымыз үшін көңілді әуен ойналып, мерекелік баннер қойылды. Келушілер естелікке суретке түсті. Донациядан кейін нәзік жанды аруларға серіктестеріміз «Плюшка» аспаздық кофеханасы, «Romantic» дүкенінен гүл шоқтары мен дәмді пісірілген тоқаштар түрінде сыйлықтар табысталды. Бүгін мереке және демалыс күндері қан компоненттерінің қорын толықтыру үшін 50 донор қан тапсырды. Акцияның барлық қатысушыларына зор алғыс білдіреміз, -дейді маман. 
 
Айта кету керек, кәмелеттік жасқа толған кез-келген адам өз қалауымен қан тапсыра алады. Донор болуға ниет білдірген адамның денсаулығында кінәрат болмауы керек. Алдымен оның ешқандай тіркеуде тұрмағаны анықталады. Орталыққа келген донор сауалнама сұрақтарына жауап беріп, «Инфодонор» бағдарламасы арқылы тексеруден өтеді. Кейін ол зертханаға жіберіліп, саусағының басынан қан тапсырады. Талдама қорытындысы мен сауалнама жауаптары сарапталып, терапевт-дәрігердің шешіміне сай қан тапсыруға жіберіледі.  
Бір реттік қан тапсыру кезінде 450 мл қан алынады. Ал жылына ерлер 6, әйелдер 4 мәрте донор бола алады. Осылайша бір донор үш адамға қол ұшын соза алады. Донорлар арасында ІV топ және де теріс резус-факторлы қан тобы сирек кездеседі. Дегенмен, орталықта барлық қан компоненттері жинақталған. Шұғыл жағдайда адам өмірін сақтап қалу үшін ұсына алатын қан мөлшері де бар. 
 
Сондай-ақ орталықта ШҚО ОҚ көшпелі бригадасы жасақталған. Алдын ала кесте арқылы мемлекеттік, жеке меншік мекемелер мен кәсіпорындарға, жоғарғы оқу орындарына барып, донорлық күндер ұйымдастырылады. 
 
Орталық барлық мекемелермен тығыз байланыста. Осы орайда «Донорлық мектеп» жұмысы қолға алынған. Мектеп оқушыларына арнайы дәріс оқып, қан тапсырудың маңыздылығы түсіндіріледі. Бұл келешекте донорлар саны артып, қоғамда жақсы үрдістің қалыптасуына ықпал етеді. 
- Қан орталығында мемлекеттік маңызы бар мерекелер сайын түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Осы айдың 19-ы күні  Әз-Наурыз мейрамын атап өту жоспарда бар. Бұл күні де қан тапсырушыларды мерекелік дастархан жайып, қуана қарсы аламыз, -деді өз сөзінде Мира Ақылбекқызы.
 
Қымбат МУХАМАДИЕВА