Экологияны жақсарту мақсатында ШҚО-да екі тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады

434
көрілім

ШҚО экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылуы туралы өткен ШҚО Экология департаментінің брифингінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу, рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын жою мәселелері сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Самат Сүйлеменов қоқыстың көп жиналуы өткір проблемалардың бірі екендігін атап өтті. Қоқыс салдарынан қоршаған ортаның экологиялық жағдайының бұзылуы адамдардың денсаулығына теріс әсер етеді және қауіпті ауруларға әкеп соғады. Экологияға тағы да орны толмас шығынды рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын алаңдар келтіріп отыр. Тұрғындар қоқыс полигондарының қала ішінде де, одан тыс жерлерде де пайда болатындығына күн сайын куә болып жүр. ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесіп, жағдайды толығымен өз бақылауына алды.
Бүгінгі күні облыс әкімдігі Мемлекет басшысының ҚТҚ полигондарына қатысты тапсырмаларын орындау бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазақстан Республикасы үкіметінің кеңейтілген отырысы қорытындысы бойынша ҚТҚ полигондарын салудың үлгілік жобасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
– Бүгінгі күні облыстың қалалары мен аудандары әкімдіктерінің назарына ҚТҚ полигондарын салу бойынша ЖСҚ әзірлеуге арналған шығындарды 2021 жылдың бюджетіне қосуды, сондай-ақ қолданыстағы полигондарды санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес келтіруді қарау қажеттігі туралы ұсыныстар жеткізілді. Барлық ұсыныстар мен ескертулер назарға алынып, қалалар мен аудан әкімдіктері өзара бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізуде, - деді Самат Сүлейменов.
Сондай-ақ Еуропа Қайта Құру және даму банкімен ынтымақтастық аясында 2021 жылы Өскемен және Семей қалаларында жаңа санитарлық полигондар мен қоқыс өңдеу кешендерін салу жоспарлануда.
– Бұл барлық белгіленген нормаларға сәйкес келетін екі жаңа полигон болмақ. Өскеменде қазір жер учаскесін ресімдеу жұмыстары жүргізілуде. Желтоқсан айының соңына дейін барлық жер актілері алынады. Бүгінгі күні ХҚКО-ға өтінім берілді. Семей қаласы бойынша жер телімі белгіленді, барлық қажетті рұқсат құжаттарын қала әкімдігі алды, - деп атап өтті бөлім басшысы.
Экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасында рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын алаңдарды жою шаралары қарастырылған. Жыл сайын осындай үйінділерді жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі.
– Биыл «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ ұсынған ғарыштық мониторинг деректері бойынша ШҚО бойынша 569 стихиялық қоқыс орны анықталды. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері қалдықтар жиналған орындарды жою кестесін әзірледі және бүгінгі күні ҚТҚ-ның 90% - дан астамы жойылды. Айта кету керек, кез келген тұрғын рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын көрген жағдайда фото немесе бейнематериалдарды қоса ұсына отырып, WhatsApp желісі арқылы колл-орталыққа жүгіне алады, - деп түйіндеді Самат Сүлейменов.