Ермек Көшербаев әр салада еңбектеніп жүрген нәзік жандылармен жүздесті

253
көрілім

Облыс әкімі 8-ші наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында түрлі мамандықты игерген бұрымдылардың еңбегін атап өтіп, олардың қоғам үшін сіңіріп жатқан үлесі жоғары бағалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шара тек басқосумен емес, риясыз лебіз білдіріп, Алғыс хаттар табыстауға ұласты. Көбінің айтуынша, көктем шыға қар еріп, мейраммен бірге мейірім де молаяды төңіректе.

– Облыс әкімінің ұйымдастыруымен өткен шара ханымдар көңілінен шықты деп ойлаймын. Әрине, көңілде қобалжу да бар. Бір жағынан қонақтар тізімінде боламын деп ойлаған жоқпын. Еңбегіміз бағаланып, істеген ісіміз Президент тарапынан бағаланғаны мақтанышпен айтуға тұрарлық деп санаймын. Алғаш хабарласып айтқанда: «Мен бе, мен емеспін бе?» деп таңданғаным рас. Біз сияқты ұстаздарды елеп-ескерген Мемлекет басшысына алғысым шексіз. Тәрбиесіз білім болмайды дейді. Қазіргі ұрпақтың рухани бай болуы ұстаздарға да байланысты. Осы ретте облыс әкімі жұмысымызды лайықты бағалап жатыр, – деді «Үміт» Балалар үйінің директоры Майра Баймұханқызы.

Шара еркін форматта жалғасты. Құрметті қонақтар қатарында құқық қорғау органдары, мәдениет, білім беру саласы, жеке кәсіпкер сондай басқа да бағытта еңбектеніп жүрген нәзік жандылар болды. Ермек Беделбайұлы адамзат дамуының бір көрінісі әйел адамдардың ықпалы мен іс-әрекетіне байланысты екенін жеткізді.

– Қанша жерден ер адам шаңырақтың тұтқасы деп айтылса да, отбасындағы береке-бірлікті сақтайтын әйелдер. Көпбалалы аналар, оның ішінде: «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған жерлестерімізге алғыс білдіргім келеді. Көптеген әйел бүгінде мәнсап баспалдағымен өрлеп, жанұясының айрандай ұюына қатар мән береді, – деді ол.

Аймақ басшысы үш қарғып секіруден әлемдік жарыстарда мүмкін болатын жүлденің бәрін алған Ольга Рыпакованы да атап өтті. Ермек Көшербаевтің сөзінше, былтыр желтоқсан айында Мемлекет басшысының алдында есеп бергенде жеңіл атлет туралы сөз қозғалған.

– Президент маған «Жуықта Ольга Рыпаковамен жолығып, аз-кем әңгімелескен едік. Алдағы уақытта спотшының есімі берілген жеңіл атлетика манежіне бару жоспарда тұр. Осы сөзімді жеткізе салсаңыз» деп сәлемін жолдаған болатын. Осындай мақтан тұтар спортшымыз бар. Бүгінгі меймандарымыз әр салада озық шығып жүрген жандар, – деді аймақ әкімі.

Әңгіме арасында Риддер жылу электр орталығында оператор болып істейтін Евгения Ларионованың жұмыс кезінде асқан жауапкершілік танытқаны айрықша атап өтті. Көпжылдық тәжірибесінің арқасында биыл қаңтар айында датчиктегі ақауды реттеп, қысымды төмендеткен. Ермек Көшербаев дастархан басына жайғасқан жандармен емін-еркін диалог орнатып, жетістіктеріне тоқталды. Жиын соңына қарай облыс әкімі әрбіріне Мемлекет басшысы атынан Алғыс хаттар табыстап, соңында барлығы естелік суретке түсті.

Асыл АЙТБАЕВ