Ернар Фидахметов «Яшар Догу» турнирінің чемпионы атанды!

3026
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Семейлік палуан шешуі сында жарыс қожайынынан басым түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Еркін күрес бойынша да, классиктерді алсақ та Ұлттық құрама сапында жүрген жерлестеріміз аз емес. Грек-рим күресінен үнемі болмаса да, арагідік сөз ететін ағайынды Фидахметовтердің спорттағы мәнсабы өзінше қызық, біршама шиеленісті. Жатпай-тұрмай әзірлік жүргізсе де кейде құрама сапына енбей қалатын. Өздері жастар сапында белдесіп жүріп 55 келіге дейінгі салмақта елішілік, халықаралық аламандарда атой салды. Ал қазір бірі 60 келіге дейінгі салмақта бозкілемге беттесе, екіншісі 63 келі дәрежесіне дейін көтеріледі. Естеріңізде болса, Ернар Фидахметов 2020 жылы оң аяғын қатты жарақаттап алған болатын. Сынып кетудің аз-ақ алдында тұрды, тіпті. Қуанышқа орай, арада біршама уақыт өтіп, семейлік спортшы қатарға оралды. Оралды да, ел біріншілігінде қола медальға ие болды.

Ал бұл жолы Түркияның Стамбул қаласында өтіп жатқан рейтингілік турнирде Ернар да, оның егізі Ернұр да, одан бөлек, Дастан Зарлыханов үшеуі 60 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шықты. Барлығы да бабында екен. Белдесу кезінде байқағанымыз текетірес аяқталғанша ешбірінің шаршаңқылығы аңғарылмады. Жалпы нәтижеге тоқталсақ, отандасымыз Дастан Зарлыханов бірінші кездесуінде жергілікті Айхан Қарақұсты 4:1 есебімен ұтты. Ал ширек финалда Ернұр Фидахметовпен жолығып, 5:7 есебімен жол берді. Ернар болса түріктің беткі ұстар палуандарының бірі Ахмет Учарды 9:0 есебімен тас-талқан етті. Әрі қарай ағайындылардың жүлде үшін жорығы басталды. Айтпақшы, бұл салмақта Әлем чемпионы әзірбайжандық Елданиз Азизли де бақ сынаған-тұғын. Алайда ол ширек финалда Екрем Өзтүріктен аса алмады.

Фотосурет grw_vko парақшасынан алынды

Соқыр жеребе деген осы шығар, Фидахметовтердің жолы жартылай финалда түйісті! Бір-бірлерінің әдісін жатқа білетін екеуі сырттай сылбырлық танытқандай әсер қалдырса да, тік жүріп белдесуде айрықша әдемі күресті. Қорытынды есеп 4:0, Ернар финалға өтті. Қола медаль иегерін алдымен үндіс палуаны Джианендер Джианендер мен Елданиз Азизли анықтап, бір деммен өткен кездесу 2:0 есебімен Үндістан үздігінің пайдасына шешілді. Келесі болып Ернұр Фидахметов бозкілемге беттеді. Турнир қожайыны Ахмет Учар да оңай шағылар жаңғақ емес еді. Алма-кезек жасалған әдістер белдесу соңында 9:8 деген нәтижені көрсетті. Тартысты текетіресте Ернұрдың мерейі үстем шықты.

Енді финал. Елішілік жарыстарда кетіп жүрген есесін осы жолы қайтарудың сәті түсті. Ернар тас-түйін әзір. Өзтүрік те өзін қамшылап шықты. Дегенмен Фидахметовтың екпіні қатты еді бұл жолы. Екрем жерлесіміздік қорғанысын бұзамын деп оқталғанымен еш айла қолдана алмады. Қорытынды есеп 7:1, семейлік спортшы турнирде топ жарды!

Жалпы, алғашқы жарыс күні классиктерден Ернар, Ернұр Фидахметовтер (60 келіге дейін) алтын, қола, Аманғали Бекболатов (55 келіге дейін) күміс, сондай-ақ Мейіржан Шермаханбет (67 келіге дейін) қола медаль иеленді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ