Қандайда бір көмек көрсетіле ме?

308
көрілім

- Көпбалалы көршілеріміздің жағдайы көңілімізді қатты алаңдатады. Олардың ішерге ас, киерге киім таба алмайтын кездері жиі. Жалғыз әкелерінің табысы барлығына бірдей жете бермеген соң, сол маңдағы көршілер болып қолдан келген көмекті көрсетеміз. Алайда біздің көмегіміз де қашанға дейін созылары белгісіз. Өзіміздің де отбасымыз, бала-шағамыз бар дегендей. Осы тұрғыда осындай өмірлік қиын жағдайға тап болған балалы отбасыларға қандай да бір адрестік әлеуметтік көмек көрсетіліп немесе көрсетілмейтінін білгім келеді.

Әлия, тұрақты оқырман

Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қамту министрлігінің хабарлауынша, мұндай отбасыларға келесідей материалдық қолдау түрлері көрсетілетін көрінеді:

- бірінші, екінші, үшінші баланы босануға байланысты (кіріс көлеміне қарамастан) — 31,41 айлық есептік көрсеткіш (75 541 теңге), сондай-ақ төртінші және одан кейінгі баланы босануға байланысты - 52,35 АЕК (125 902 теңге) мөлшерінде берілетін бірреттік жәрдемақы;

- Сәби бір жасқа дейін оның күтіміне байланысты (жұмыс істемейтін аналарға аталмыш төлемақы босанған баласының ретіне байланысты төленеді) 5,76-дан 8,9 АЕК-ге (13 852-ден 21 404 теңге аралығында) дейінгі аралықта берілетін төлемақы;

- Аз қамтылған отбасылардың балаларына 18 жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы (1,05 АЕК — 2 525 теңге);

- мүгедек баланы күтіп-бағып отырған адамдарға төленетін жәрдемақы (табыс көзіне қарамастан ең төменгі жалақының 1,05 мөлшерін құрайды).

Министрліктегілер мұндай отбасыларға жергілікті бюджет тарапынан да бірқатар қолдау түрлерінің көрсетілетінін айтады.

Адрестік әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы кедейліктің ең төменгі шегіндегі (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы) отбасыларға жан басына шаққандағы табыс пен кедейшілік шегіндегі аралықты есептей отырып төленеді.

- Түрғын үй көмегі — тұрғын үй мен пәтердің коммуналдық төлемдеріне кететін шығын ұйғарынды шығындардың мөлшерінен асып кететін отбасыларға беріледі. Мұндай көмектің көлемі мен берілу тәртібін жергілікті өкілді органдар анықтайды.

Осылайша жоғары деңгейдегі құзырлы мекемелер әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетуді жүргізумен қатар жергілікті атқарушы және өкілді билікке әлеуметтік көмек көрсетудің қосымша түрлерін ұйымдастыруға да мүмкіндік береді.