Қарауылда Құнанбай ескерткішін қыркүйек айында ашу көзделіп отыр

1049
көрілім

Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында қыркүйек айына дейін Құнанбай қажыға ескерткіш орнатылмақ. Мүсіннің негізгі қалыбы Алматыда жасалып қойған. Ендігі кезекте, семейлік суретші Нұрбол Қалиев өз шеберханасында ескерткішті аяқтау жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Құнанбай қажыға ескерткіш орнату жөнінде аудандық мәслихаттың депутаты Ардақ Белібаев арнайы қор құрған. Бүгінгі күнге дейін қорға 7 миллион теңгеге жуық қаражат жиналған. Идеяның авторы және Қордың төрағасы Ардақ Белібаевтың айтуынша, бұл қаражат жеткіліксіз. Есептеп отырса, еңселі ескерткіш орнату үшін әлі де қаржы керек екен.

– Ескерткіш Қарауыл ауылының дәл ортасында орнатылады. Қазіргі уақытта қоршау жұмыстары жүргізіліп, қажетті гранит тас Алматыдан әкелінді. Семей қаласынан да қажетті материалдар жеткізілді. Мүсіннің биіктігі – 4, ені – 2 метр болады. Алматы қаласында мүсіннің негізгі қалыбы темірден жасалып болды. Суретші Нұрбол Қалиев Семей қаласындағы шеберханасында ары қарай жұмыс жүргізеді, – дейді Ардақ Белібаев.

Сәтін салса, осы айдың аяғында ескерткішті жасайтын мыс Балқаш қаласынан әкелінбек. Осылайша, негізі жұмыс аяғына жеткізіледі.

Абай ауданында биыл Мұхтар Әуезовтың дүниеге келуіне 120 толуына орай ауқымды шаралар өткізіледі. Ауқымды шараларға тұспа-тұс Құнанбай ескерткішін де ашу көзделген. Ардақ Белібаевтың айтуынша, Құнанбай қажының ескерткіші қыркүйек айында ашылады.