Қазбек би атауы құпталды

347
көрілім

Естеріңізде болса, бірнеше ай бұрын облыс орталығындағы Карл Маркс даңғылына Қаз дауысты Қазбек бидің есімін беру жөнінде қоғамдық тыңдау өтіп, бірқатар пікірталастардан соң құжат соңғы шешім шығару үшін Астанаға жолданған болатын. Енді міне, Шығысқа қуанышты жаңалық келіп жетті. Республикалық ономастикалық комиссия Өскеменнің ЖМК шағын ауданындағы ең үлкен даңғылды қазақтың ұлы билерінің бірінің атауымен атауды жөн деп тауып, бірауыздан қолдаған екен.

Облыс орталығының Карл Маркс даңғылын Қаз дауысты Қазбек бидің атына қайта атау жөніндегі оңды шешімнің шыққаны 10 сәуір күні өткен облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында белгілі болды. Естеріңізде болса, бұл ұсынысты қалалық әкімдікке өткен жылы облыстық сот төрағасы мен ардагерлер және ақсақалдар кеңестері бірлесе отырып жолдаған болатын. Қоғам тыңдауына түскен мәселеге бастапқыда қабылданбай қалу қаупі төнген болатын. Дегенмен, идеологиялық жағынан атауы ескірген даңғылды еліміздің тәуелсіздігі жолында еңбегі сіңген Орта жүздің төбе биінің атауымен атау жақтастары басым түсті.

Қазақтың тау тұлғалы үш биінің бірінің есімін Шығыстың бас шаһарында мәңгілеу оның туғанына 350 жыл толуына орай өткізілетін шаралар қарсаңында орын алмақ.

Осылайша 2018 жылдың 2 наурыз күні республикалық ономастикалық комиссия Өскемен қаласындағы Карл Маркс даңғылын Қаз дауысты Қазбек бидің есімімен қайта атау жөніндегі шешім шығарды. Сонымен қатар, аталмыш даңғылмен бірге, облыс орталығының шағын аудандарындағы 20 атаусыз көшелер де жаңа атауларға ие болатыны белгілі болды.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ